Оралдағы мектептерде орын тапшы болады

Жаңа оқу жылында Оралдағы мектептерде орын тапшы болады. Қыркүйекте қаладағы 50 мектепке 60 мыңға жуық оқушы барады.

Былтырғымен салыстырғанда 4 мыңға көбейген. Соның ішінде 1-сыныпқа 7 мыңнан астам жеткіншек қабылданды. Олар тамыз айының бірінен бастап «Балақайлар мектебіне» барып жүр. Онда педагогтар бүлдіршіндердің мектепке дайындығын пысықтайды. Білім ошақтарында балалар саны ғимараттың жобалық қуатынан асып кеткен. Ал алты мектеп үш ауысымда оқытады.

Ольга Елистратова, қалалық №21 орта мектеп директорының міндетін атқарушы:

- Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 175 бала қабылданды. Сонда 25 баладан 7 сынып ашылады. Үшеуі қазақ тілінде, төртеуі орыс тілінде оқиды. Мектептің жобалық қуаты 1320 орындық. Әйткенмен бала саны 1516 болды.

Ақжарқын Темірханова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы:

- Зачаганск кентінде орналасқан мектептерде орын тапшылығы бар. Соның ішінде №30, 47, 38 мектептерде және солтүстік-шығыс аудандағы №42, 44, 46 мектептерде балалардың орын тапшылығы байқалады. Соған қарамастан әрине бір сыныпқа оқушылардың толымдылығын арттыру бағытында оқумен біздер толық қамтамасыз ететін боламыз.