Ақтөбедегі жаңа оқу жылы. LIVE

Ақтөбеде төрт мектеп жаңа оқу жылын үш ауысымда білім берумен бастады. Оның бірі Есет батыр ауданындағы №60 орта мектепте биыл 3600-ден астам бала оқитын болды. Тек бірінші сыныпқа келген оқушылардан 18 сынып жасақталып отыр. Балалардың көптігінен кабинеттер де жетіспейтіндігі анықталды. Білім ұясындағы жағдай туралы дәл қазір өңірдегі тілшіміз Әнуарбек Мырзатайұлы айтуға дайын. Ол қазір бізбен тікелей байланыста.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:  

- Біз дәл қазір Ақтөбедегі ең оқушысы көп білім ұясы - №60 орта мектеп алдында тұрмыз. Бірер сағаттан кейін мұнда алғашқы қоңырау шарасы өтеді. Айта кетерлігі, биыл осы нысанда оқитын балалардың саны 3617-ге жеткен.  

Осы деңгейдегі көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты сақталып келеді. Салдарынан 2016-да ашылған білім ұясы тек сол жылы ғана екі ауысымда жұмыс істеп, қалған уақытта үш кезең бойынша бала оқытуымен келеді. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен бұл мектеп осы ауданда пайда болған алғашқы нысан болғандықтан, жұрт баласын осында оқуға берді. Кейін өзге де білім ошақтары ашылғанымен, аумақтағы тұрғындар саны көбейе түсті. Ал, қазір мектепте оқу кабинеттерінің жетіспеушілігі сезіліп отыр. Сондықтан директордың өзі бөлмесін 11 сынып оқушыларына беріп, өзі ғимараттың жертөлесіне көшті. Басқа амал жоқ.

Абзал Тәжімишев, №60 орта мектебінің директоры:

- Мектеп 1200 орындық бір сменде. Екінші кезеңде 1200 орындық. 2 400 баланы еркін оқытады. қазіргі таңда 1 200 оқушы артық. жаңағы үшінші кезеңде отыр дейміз. Бізде қоңырау кестесі де сақталмайды. 5 минуттан.  минутта балалар асханаға да барып үлгермейді. Осы мәселені тезірек шешілсе деп біздер мектепке жапсарлас құрылысты сұрап отырмыз.

Бүгінде бірнеше мөлтек ауданнан тұратын осы Есет батыр тұрғын үй алабында шамамен 35 мың адам тұрады. Ал, мектеп жасындағы балалар үшін бар болғаны екі-ақ білім ұясы жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында тағы бір 900 орындық нысанды пайдалануға беру көзделген. Қазір онда құрылыс әлі жүріп жатыр. Негізгі жұмыстары аяқталғанымен, ішкі бөлмелерін дұрыстау қажет. Дегенмен, әкімдік қызметкерлері таяу күндері ол ғимарат та бала қабылдай бастайтынын айтып отыр. Ал, қала аумағындағы бұл жаңа аумақты білім ұяларымен толық қамту мәселесі алдағы бірер жылда ғана шешілмек.

Метгүл Қосымбаева, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда біз мына 4-ықшам ауданындағы мектепті жаңа 900 орындық мектеп дедік қой, сол енді екі сменмен 1800 орындық болады. Сол енді 4-микрорайон, 3-микрорайонның балаларының барлығын сол мектепке орналастырамыз. Сол кезде ол жердегі №78 мектеп-гимназиямыз бар, алпысыншы жалпы білім беретін орта мектебі бар. 60-қа жапсарлас салынғаннан кейін мәселелер шешіледі деген жоспарда. 

Айта кетейік, Ақтөбенің білім саласында мәселелер әлі де бар. Жаңа оқу жылында қаладағы 100-ге жуық мектептің 4-еуі әзірге үш ауысымда білім бермек. Жауапты бөлім мамандары мұндай проблеманы шешу үшін әлі бірнеше жыл қажет дейді. Жалпылай алғанда, бүгіннен бастап облыс орталығында 100 мың оқушы оқиды.