Елордада робототехникадан сайыс өтті
Астанада робототехника бойынша республикалық жарыс өтті.
Биылғы шараға елдің әр аумағынан мың жарымдай оқушы жиылды.
Әркім өз туындыларымен мақтанып, адамның қолын ұзартатын дүниелерін көрсетті.
Бүгінгі жиынның тақырыбы - энергия көздерін тиімді пайдалану. Жарысқа түскендер өздері ойлап тапқан дүниелерін көрсетіп, олардың артықшылықтарын паш етті.
Нұрдәулет Досмағамбет, ұйымдастырушы:
-Оқушылар мұнда өздерінің энергияға байланысты иновациялық жобаларын, зерттеулерін жасап шешімін шығаруы керек. Оны олар өздерінің жобалары ретінде әділ қазыларға ұсынады, соның нәтижесінде ең мықты команда әлемдік чемпионатқа барып, Қазақстанның атын қорғайтын болады.
Мен қазір роботтандырылған құрылғыны ойлап тапқан өнертапқыштардың ортасында тұрмын. Мына құрылғы лифт қызметін атқарса, мынау негізгі конусты көтеру және түсіру арқылы ұпай жинайды екен.
Қазір елде 3000-ға жуық мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Ұстаздар да жеткілікті. Соның нәтижесі - биылғы шараға қатысуға өңірлерден 2000-нан астам оқушы өтініш берген. Іріктеу нәтижесінде 1500-ден астамы жарысқа жолдама алды. Солардың ішінде командалық жарыста жеңіске жеткен Айханым да бар. Оның командасы роботтандырылған қондырғыны небәрі 4 сағат ішінде жасап шыққан.
Айханым Шамшадин, қатысушы:
- Біз бұл роботты жасау үшін 4 сағат уақыт кетірдік. Себебі оған дейін роботтың толық 3Д нұсқасын жасаған болатынбыз.
Жас өрендер энергия көзін табу және үнемді пайдаланудың түрлі механизмдерін көрсетті. Бірі энергияны желден, бірі күн сәулесінен алу әдісін көрсетсе, енді бірі ауылшаруашылық саласынан да қуат көзін табуға болатынын дәлелдеді.
Ерлан Шаншархан, Диас Қовланбаев