Қызылордалық ғалымдар күріштің сапалы сұрыпын ойлап тапты
Қызылордалық ғалымдар алғаш рет «Индика» тұқымына жататын «Айсара» атты отандық жаңа күріш сұрыпын көбейтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл дақыл түрі әлемдік сапа талаптарына толық жауап береді. Дәні ұзын әрі көлемді. Шынылығы – 100% процент. Ақуызға бай. «Айсара» сорты – еліміздің күріш тұқымы шаруашылығындағы бұрын-соңды болмаған жаңалық, - дейді мамандар. Мұндай сұрыптар тропикалық және супропикалық аймақтарда ғана өседі. Сыр өңірі секілді күрт континентальды өлкелерде тамыр байламайды екен. Дегенмен 17 жыл бойы ізденген қызылордалық ғалымдар сапасы жақсы отандық сұрыпты ойлап тауып отыр. Мұндай күріш түрі жергілікті тұқымдармен салыстырғанда халықаралық нарықта 4 есе қымбат. Суармалы суды да аз қажет етеді.
Айдос Жалбыров, Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бөлім басшысы:
- Оңтүстік Шығыс Азия елдері осындай «Индика» түрінде егеді. Ал сол сорттар бізге келіп егілсе, ол ондай өнім бермеуі де мүмкін және піспеуі мүмкін. Ал біздің соларға ұқсатып өзіміздің селекционердің шығарған жаңа сорты бұл. Тауарлық құнына қарай өз құндылығын ақтайды деп ойлаймыз. Өнімділігі 60-70 центнер береді гектарына.