Елде жас ғалымдарды ынталандыру қолға алынады
Тәжірибелі ғалымдарымыз қартайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал PhD ғылым дәрежесін алған жастар бұл салада жұмыс істеуге құлықсыз. Мәжілістегі ғылымды дамыту арналған Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осыны айтты. Ол «жастар Phd дәрежесін қорғамайды» дейді. Ал қорғағандары жоғарғы оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарына жұмысқа бармайды. Барған күннің өзінде 1-2 жыл істеп, кетіп кетеді. Қазір елде 22 456 ғылыми кадр бар. Олардың 37%-інде ғылыми және академиялық дәрежесі бар. Зерттеушілердің 43%-і – 35-54 аралығындағы маман, тағы 23%-і 55 жастан асып кеткен. Жүргізілген талдау нәтижесінде бұған бірнеше шектеу бары анықталды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Phd қорғау үшін халықаралық үлкен журналдарға жарияланымдар жасау керек. Екіншіден, ол жас ғалым бітіріп, Phd-ді қорғап жоғарғы оқу орнына келіп келгеннен кейін оның оқыған 4 жылы есептелмейді. Ол профессор, аға оқытушы қауымдастырылған лауазымдарға тапсыра алмайды. Сол жерде қиналып, жалақыда аз. Сосын кетіп қалады. Сондықтан 2021 жылғы қабылданған заңның аясында осы жас ғалым гранттарын бастадық.
3 жылдық бағдарлама аясында жас ғалымдарға 500 мың теңге жалақы қарастырылған. Оған 2013 жылдан бастап PhD ғылыми дәрежесін қорғағандар қатыса алады. Кейінгі 2 жылда 3 байқау жарияланып, 881 ғылыми жоба қамтылған. Жыл сайын мыңға жуық жас ғалымға грант беру көзделіп отыр. Сондай-ақ Мәжілісмендер жас ғалымдарды ынталандыру үшін заңға 20-дан астам өзгертулер мен толықтырулар әзірлеген.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Еліміздің жетекші ғалымдарының басшылық етуімен ғылыми зерттеулерді қолдауға мегагранттар беру мәселесін де біз қарастырып отырмыз жаңа заңда. Жастарды ғылымға тарту үшін ғылыми әлеуеті бар жас ғалымдарға көтерме және тұрғын үй сертификаттарын беру мәселесінде де біз тиісті министрліктермен талқылап, заңға енгізу мәселесін қарастырып, ұсыныс беріп отырмыз. Жоғарғы оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен айналысуы үшін басқа міндеттерден босату және де шығармашылық демалыстар беру мәселесін ұсынып отыр.