Астанада үй қабырғасына сурет салатын мұғалім тұрады
Елорда іргесіндегі 69 мектеп-гимназияда он саусағынан өнер тамған мұғалім көп.
Бірі ұстаздықпен қатар ұсталықты қолға алса, енді бірі тоқыма өнерін хобби қылып жүр. Бүгінгі кейіпкеріміз бос уақытында үйлердің қабырғаларына сурет салады.
Назерке Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Еңбек жолын 2015 жылы бастаған маман бос уақытында бейнелеу өнерімен айналысады. Білім беру ордасындағы біраз мурал Назеркенің қолынан шыққан.
Назерке Смайылова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Ең бірінші салған суретім "Ұстаз бен оқушылар". Өзіміздің директорымыздың ұсынысымен басталды. Әрі қарай шабыттанып, ақылдасып, қабырғаларға жан бітіре бастадық.
Бойындағы дарынын дамытып, табысын арттыру үшін Назерке басқа мекемелерден де тапсырыс қабылдайды. Оның ішінде дәмханалар мен демалыс орындары да бар.
Назерке Смайылова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Түнгі клубтарға да салғаным болды. Балабақша мен мектеп ішінде салған жұмыстарым өте көп. Негізі суреттің үлкендігіне, қиындығына қарамаймын. Менің шабытыма байланысты.
Суретші көбіне майлы және акрил бояуларын қолданады. Өйткені денсаулыққа тиер зияны аз. "Көңілім көтеріліп шабытым ашылса, бір апталық жұмысты бір күннің ішінде бітіремін", - дейді Назерке. Өзінен үлгі алатын шәкірті көп. Оқушылар сынып жетекшісінің еңбегін жоғары бағалайды.
БЛИЦ:
- Назерке апай суретті әдемі салады. Оның суреттері коридорда, сыныбында да болады.
- Мектебімізде Назерке апай кез келген суретті жақсы салады. Қолынан шыққан пейзаж бен портреттері өте ұнайды. Бізге бейнелеу өнері пәнінен сабақ береді.
Жалпы ұжым ішінде өнерлі ұстаз көп. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Маржан Алпысбайқызы осылай дейді.
Маржан Алпысбайқызы, К.Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Бізде жалпы мектебімізде өнерлі әрі шығармашыл ұстаздар өте көп. Атап айтсақ, Сәулеш апай кілем тоқиды. Одан кейін бізде ағаш ұстасы бар Әлімжан ағай. Жоғарғы деңгейдегі кәсіби тұлға.
Назеркенің бұл өнерін жолдасы да қолдайды. Өйткені келіндік қызметін қатар алып жүруге еш кедергі емес. Өнерлі адамды шектеуге болмайтынын жақсы түсінеді үй-іші.
Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков