Ғ. Бейсембаев оқу жылын ұзартудың тиімділігін еске салды
Соңғы қоңырау күні қайтадан 25 мамыр болып өзгертілмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа талап былтыр тамыз айында бекітілген. Енді тек солай болады. Еліміздің Оқу-ағарту министрі осылай деді. Жалпы биылғы оқу жылының басты ерекшелігі – осы. Соңғы қоңырау үні Балаларды қорғау мерекесімен тұспа-тұс 1 маусымда соғылады. Ғани Бейсембаев 31 мамырға дейін жалғасатын оқу жылының басқа да ерекшеліктері жайлы баяндады. Сондай-ақ сауықтыру лагерьлерінің дайындығына тоқталды.
Оқу жылын 31 мамырға дейін ұзартудың басты себептері: 5 күндік оқу аптасына көшу, апталық сабақ жүктемесін жеңілдету, оқу аптасының ұзақтығын халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осыны тағы бір мәрте атап өтті. Сондай-ақ соңғы қоңырауды 25 мамырға қайта ауыстыру министрлік күн тәртібінің талқылауында жоқ.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бұл – нақты мемлекеттік стандарттың, бағдарламаның 36 аптаға созылуына қатысты дүние. Енді оны бірден кері қалпына келтіру мәселесі басқа да өзгерістерге алып келеді. Яғни, 6 күндік оқу жоспарына алып келеді немесе пәндегі оқу сағаттарының қыстқаруына алып келуі мүмкін. Оқу бағдарламаларының барлығы 36 аптаға бекітілген болса, былтыр тамыз айында бұл мемлекеттік стандарт деп есептеледі. Мектеп мемлекеттік стандартты орындауға міндетті.
Биыл ел бойынша 3 млн 700 мыңнан астам бала үшін оқу жылы аяқталады. 172 мың түлектің 6800-і – «Алтын белгіге» үміткер. 11 жыл бойы жинақтаған білімнің нәтижесі мектеп бітіру туралы аттестатты салтанатты түрде тапсыру 20-22 маусым аралығында өтеді. Сондай-ақ Ғани Бейсембаев әлем елдерінде оқушылар жаз уақытында 77 күн демалса, елімізде каникул 13 апта немесе 90 күнге жалғасатынын айтты. Биыл оқушылардың 85%-тен астамы тиімді әрі пайдалы жазғы демалыспен қамтылады. Бұл күндері қала сыртындағы 218 және мектеп жанындағы 10 мыңнан астам лагерь балаларды қабылдауға әзірленіп жатыр.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Жазғы демалыс кезінде мәдениет саласында 500-ден астам спорт және туризм салаларында 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылатын болады. Бүгінде мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында үйірмелер мен секциялардың 114 түрі қызмет етуді жалғастырып жатыр. Музейлер мен киелі орындарға тегін экскурсиялар ұйымдастыру, кітапханаларға бару, спектакльдер мен қойылымдар көрсету сияқты түрлі мәдени-бұқаралық іс-шара көзделген болатын.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі демалыс объектілерінің дайындығын тексеріп, санитарлық бақылауға алады. Төтенше жағдайлар министрлігі балалардың судағы және демалыс орындарындағы қауіпсіздігінің сақталуын қадағалайды. Оқушылардың жайлы және сапалы демалысын ұйымдастыру құзырлы министрліктердің ерекше назарына алынды.