Алматыда халықаралық жас ғалымдар конференциясы өтті
Сал ауруы мен туберкулезді емдеудің тың тәсілдері.
Сәулелік терапиядағы жасанды интеллект пен аллергияға қарсы жаңа вакцина. Осының бәрін жас ғалымдар жүзеге асыруды көздейді. Олар өздерінің тың жобаларын Алматыда өткен «Asfen.Forum, жаңа буын - 2023» атты халықаралық конференцияда таныстырды.
Маусымдық аллергия мен демікпе – ең көп таралған аурудың бірі. Әсіресе соңғы кезде терек пен жусан тозаңын көтере алмайтындар көбейген.
Осыған орай Алматыдағы Вакцинология орталығы жаңа вакцина жасап жатыр. Отандық екпенің ерекшелігі, қысқа мерзім ішінде науқасты аллергиялық маусымға дайындаумен ғана шектелмейді. Онымен қоса аурудан толық айығуына көмектеседі.
Қайсар Табынов, Халықаралық вакцинология орталығының директоры:
- Иә, қазіргі таңда вакцина технологиялық дайындықтың 5-ші деңгейінде. Жалпы ондай деңгейлердің саны – 9. Енді алдағы уақытта 3 жылдың ішінде біздің негізгі басты мақсатымыз – 8-ші деңгейге жеткізу. Ол үшін, ең алдымен, біздің вакцинамызды, технологиясын кең көлемде тексеру керек. Қаржат келетін болса, жұмысымызды осы 2024 жылдан, келесі жылдан бастап бастаймыз ба деген сондай үлкен мақсат қойып отырмыз.
Ғалымдардың айтуынша, осындай кез келген әзірлемені өндіріске жеткізу үшін клиникалық зерттеу жүргізу керек. Ал оған қомақты қаражат қажет. Форум осы ғылым, тәжірибе мен бизнесті интеграциялауды көздейді. Яғни, осы жерде бизнес өкілдері, ғалымдар, дәрігерлер жобаны жүзеге асыру жолдарын бірге талқылайды. Себебі, ғалымдар инкубация, коммерцилизация мәселесіне келгенде тығырыққа тіреледі.
Марат Шоранов, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры:
- Қызықты жобалар, әрине, енді өте көп. Біздің фармация мектебімізде, стоматология мектебімізде, жалпы медицина мектебіміздің ғылымдары жаңағы патенттерінің бәрін санағанда 100-ден асады. Сондықтан да тек қана сол патентпен жұмыс істеп, әрі қарай іске асыру жолдары – біздің басты мақсатамыз.
Форумға Қытай, Ұлыбритания, Ирландия, Финляндия, Оңтүстік Корея сияқты 20 елден 800-ге жуық адам қатысып жатыр. Ғалымдар мен зерттеушілер кардиология, онкология, педиатрия, хирургия сияқты денсаулық сақтау саласының барлық бағытында кездесетін өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.
Синчунь Чен, университет оқытушысы:
- Мен осы басқосуда туберкулез туралы семинар өткіземін. Яғни, әлемді әсіресе Қытайды алаңдатып отырған ауруды емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерін ортаға салам. Біз жаңа вакцина жасауды қолға алып жатырмыз. Қазір ғалымдарымыз зерттеу жұмыстарына кірісіп кетті. Егер бәрі ойдағыдай болса, емге бой бермей жатқан аурудың беті қайтады.
Форум аясында бизнес серіктестер ғылыми жобалардың тұсаукесерін өткізеді. Сөйтіп, кәсіпкерлер мен ғалымдардың арасында байланыс орнатуға сеп болмақ. Сонымен қатар инновациялық үздік ғылыми әзірлеме иелері марапатталады. Оған 6 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған. 12 жеңімпаз қаржылай сыйлыққа ие болады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев.