Биыл БҚО бойынша 300-ден астам жас педагог жұмысқа қабылданды
Жаңа оқу жылында Батыс Қазақстан облысы бойынша 300-ден астам жас педагог жұмысқа қабылданған.
Маманның көбі ауылдық жерлерге жолдама алды. Еңбек жолын енді бастаған ұстаздар үшін алғашқы кәсіби мерекенің орны ерекше. Олар бұл күннің ұмытылмас естелікке айналарына сенеді.
Биыл университет тәмамдаған Гүлнәр Дәулетова жақында Жаңақала ауылындағы мектепке жұмысқа орналасты. Ол бастауыш сыныпқа сабақ береді әрі жетекшілік етіп жүр. Өзі де осы мектептен түлеп ұшқан. Өзіне білім берген педагогтармен енді әріптес болып отыр. «Тәжірибелі ұстаздарым маған бағыт-бағдар беріп, тез үйренісіп кетуіме көмектесті» дейді жас маман.
Гүлнәр Дәулетова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Мұғалімдердің бәрі қуана-қуана қарсы алды «өзіміздің шәкіртіміз, өзіміздің түлегіміз» деп. Сондықтан менде ешқандай қысылу болған жоқ. Бәрі өзімнің апайларым. Қазіргі кезде өзімнің сыныбыма үйренісіп те кеттім. Сыныбымда 21 оқушы бар: 11 қыз, 10 ұл. Барлығымен өте жақсы танысып, қазіргі кезде өте тату, жақсы сынып болып жатырмыз.
Айлан Әсемхан, оқушы:
- Осы мектептегі ұстаздар маған қатты ұнайды. Сабағым жақсы. Мен осы мектепте оқу озатымын. Математика, әдебиетті жақсы көремін. Болашақта мұғалім болған ұнайды маған.
Жаңа оқу жылында аймақ бойынша Гүлнәр сияқты 348 жас педагог еңбек жолын бастады. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға риза. Мұғалім мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысы өссе, ұстаздардың да жалақысы артып келеді. Ал ауылдық жерлерде қызмет атқаратын педагогтарға қосымша әлеуметтік көмек қарастырылған. Облыста қазір 31 ұстаздың орны бос тұр. Соның көбі жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша екен.
Бейсенбек Насимуллин, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Конкурс кезінде анықталмауына байланысты мектептердегі ұстаздарымызға жүктемелерді арттыру арқылы және зейнеткерлікке шыққан ұстаздарымызға еңбек шартын ұзарту арқылы бұл тапшылықты жойып отырмыз оқу жылы басталып кеткеннен кейін. Тұрғын үймен қамту енді жергілікті аудандардағы бюджет есебінен. Яғни көтерме ақы төленеді жаңадан келген жас мамандарға. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға және салуға кредит қаралған.
Облыста 617 білім беру ұйымы бар. Онда 20 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Кәсіби мерекеде ұстаздар алғыс пен құрметке бөленіп жатыр.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов