Қазақстандық дәрігер жаңа медициналық құрылғыны құрастырып жатыр

Ал қазақстандық дәрігер-невролог Асхат Мұқышев Бостондағы Гарвард университетінде бұлшық ет ауруларын жан-жақты зерттеп, асқынудың алдын алатын әлемдегі алғашқы заманауи құрылғыны құрастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медицинаға жаңа аппараттарды енгізуді көздеген ғалыммен тілшіміз Нұрбек Бекен кездесті.Астанада 9 жыл дәрігер мамандығын меңгеріп, 3 жылдың көлемінде Алматыда еңбек еткен Асхатты ел арасында бұлшық ет ауруларының айрықша көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Осы мақсатта ол биыл мұхит асып, біліктілігін шыңдауға білек сыбана кіріскен. Қазір ол Гарвард университетінің базасында осы ауру түрлерін терең зерттейтін жаңа құрылғы құрастыруды қолға алған. 

Асхат Мұқышев, Гарвард университетіндегі медициналық мектепте зерттеу жүргізуші:

- Соңғы 3-4 жылдың ішінде Қазақстанда, мысалы, бұлшық ету ауруларымен ауыратын балалардың, ересектердің саны артып барады. Ең бастысы, 2 жылдың ішінде, 2 жылдың көлемінде бізде ем пайда бола бастады. Қазақстан Республикасының көмегімен ол емді бізде тегін алады балалар. Қиын жағдай болып тұрғаны, біз осы бұлшық ет ауруларымен ауыратын адамдарды, мысалы, қарай алмаймыз қаншалықты жақсарып бара жатқанын немесе қаншалықты симптомдарының өскенін. Яғни, бізге белгілі бір аппараттар, зерттеу құрылғылары керек болады. Мен осы Бостон қаласында 3 аппаратты зерттеп жатырмын. Әлем бойынша алғашқы сондай аппаратты құрастырып жатырмыз.

Асхаттың айтуынша, бұлшық ет ауруларының негізі генетикалық өзгерістерден болады. Әлемде туабітті осындай дертке 100 мың адамның 50-інде кездесуі кәдік. Дерт белгілерін дер кезінде байқап, тиісті ем жасалмаса, баланың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан мұндай аппарат отандық медицинаға аудаай қажет.

Асхат Мұқышев, Гарвард университетіндегі медициналық мектепте зерттеу жүргізуші:

- Қазақстандағы мақсат, яғни бізде «жол картасы» деген бар бұлшық ет аурулары, нерв бұлшық ет аурулары бойынша. Сол бойынша бізде қаржыландыру өте үлкен. Соған байланысты жаңа құрылғыларды біз барып сол жаққа енгізуімізге болады. Тек Қазақстан емес, жалпы Орталық Азияға да соны енгізуімізге болады.

Қазіргі таңда бұлшық ет дистрофиясы ауруларын анықтайтын жаңа аппараттың прототипін тәжірибеден өткізуге Бостондағы 2 аурухана бірлесе кіріскен. Онда 120-ға жуық науқас сынамадан өтіп жатыр. Алдағы уақытта құрылғы оң нәтиже берсе, ол отандық медицинаға да олжа болмақ.

Авторы: Нұрбек Бекен.