OWAO-2023. Оқушылар астрономия олимпиадасынан олжалы оралды
Қазақстандық мектеп оқушылары беделді халықаралық астрономия олимпиадасынан жүлделі оралды.
Білім додасы 14-22 қараша аралығында Ресейдің Сочи қаласындағы «Сириус» федералды аумағында өтті.
Алматыдан барған 4 жасөспірім күміс медаль алды. Ал 18 жастағы Дамир Әленов алтынға ие болды.
Ашық халықаралық астрономиялық олимпиада Сочиде осымен екінші рет ұйымдастырылды. Биыл оған әлемнің 20 елінен мектеп оқушылары қатысты. Ал Қазақстан командасында бес оқушы болды. Ұстаздарының айтуынша, бесеуі де нақты ғылымдарға бейім. Олар осыған дейін «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының обсерваториясында астрономия және астрофизика бойынша дайындықтан өтті.
Заңғар Суннатов, OWAO-2023 олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Бұл олимпиадада мен екінші орын болып, күміс жүлдені алдым. Біз олимпиаданы онлайн жаздық. Осы «Бөбек» обсерваториясында. Болашақта мен шетелде физика мен инженерияны оқып, Қазақстандағы астрономия мен физиканы дамытқым келеді.
Олимпиада астрономияның маңызды бөлігін қамтитын төрт кезеңнен тұрды. Қазақстан оқушылары алдымен онлайн сынақтан өтті. Әрине, талап қатаң болған. Тек осы саланы жақсы меңгергендер ғана білім жарысына қатысуға мүмкіндік алған. Десе де, оның нәтижесі балаларды қанаттандыра түсті. Олар болашағын астрономия, астрофизика ғылымымен байланыстырғысы келеді.
Бекасыл Елубай, OWAO-2023 олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Кішкентай кезімнен физика-математикаға әуестеніп келем. Астрономиямен айналысып келе жатқаныма бір жылдан аса уақыт өтті. Олмпиада негізі оқушылардың ұзақ уақыт еңбектерінің көрінісі. Бір жылдағы дайындығым бекер өтпеді деп есептеймін.
Қылышбек Уәлихан, OWAO-2023 олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Астрономияны оқуды екі жыл бұрын бастадым. Біз осында бір апталық курс өттік. Сол бір апталық курстың нәтижесі бойынша екі апталық жаздық курсқа жібереді. Ол жақтан өткен адамдарды халықаралық олимпиадаға жібереді.
Қазір «Бөбек» орталығының обсерваториясында 400-ге жуық оқушы білім алады. Шетелде өтетін олимпиадаларға қатаң іріктеуден өткен балалар ғана барады. Оған қоса, республикалық байқаулардағы жетістіктері есепке алынады. Содан кейін астрономиялық жаттығуға қатысады.
Әсел Кенжебай, "Бөбек" обсерватория орталығы директорының орынбасары:
- Сол базалық курста біз балаларды іріктеуден өткіземіз. Содан арнайы кәсіптік мектепке бағдарлама бойынша оқуға шақырылады. Арықарай олимпиадалық резерв құрылады. Жасақталады. Сол олимпиадалық резервте осындай керемет дарынды балаларды жасақтап арнайы халықаралық деңгейдегі конкурстарға жібереміз.
Қазақстандық балалар бұған дейін Польшада өткен халықаралық жарысқа қатысып, одан да жүлделі қайтқан. Қазір мұндағы оқушылар мамандық таңдауға кірісіп кетті. Бұл ретте оларға жоғары оқу орындарының оқытушылары көмектеседі.
Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, «Хабар-24», Алматы.