Жамбыл облысындағы жаңа мектептің құжаты жоқ
Жамбыл облысы Қалғұтты ауылында 2 жыл бұрын салынған мектеп қаңырап тұр.
Себебі нысанның құжаты жоқ. Ал елді мекеннің 200 оқушысы көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр. Облыстық білім сапасын бақылау департаментінің мамандары мектептің материалдық базасы толық емес, дейді. Төрт жүзге жуық кемшілік анықталған. Білім ордасында шеберхана мен акт залы қарастырылмаған. Әрі парта, интерактивті тақта мен компьютер жетіспейді. Департамент аудан билігін 2 рет сотқа берген. Енді жергілікті білім бөлімі мектептің құжаттарын қайтадан жинақтап жатыр. Тиісті талаптар орындалса, ғана нысан пайдалануға рұқсат беріледі.
Кәмшат Сағидуллаева, ауыл тұрғыны:
- О баста ойламай ма балаларды оқытамыз деп. Соншама ақша, қаражат кетті осы, адамдардың барлығы талап етіп. Соның арқасында салғыздық мынаны. Мысалға, маған балаларымды ана жаққа апарған тиімсіз. Үш балам бар менің.
Дәмеш Үскімбаева, облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы:
Айыппұл салынды. Содан кейін ғана құжаттарды салу қимылы басталды. Құжаттарды бізге екі рет салды. Түгел болмағаннан кейін біз оның барлығын қайтардық. Қазір олар бізге үшінші рет құжаттарды салды. Оқулықтар әлі түгел емес. Кадр мәселесі аяғына дейін шешілмеген.