Ғылымды қаржыландыруға фокустық тәсіл қолданылады
Қазақстанда ғылым мен инновацияның басым бағыттарын қаржыландыруға фокустық тәсіл қолданылатын болады.
Фокустық саясаттың жаңа механизмі ақшаның 50%-ын нақты жалпы мемлекеттік технологиялық басымдықтарға бөлуді көздейді, ал қалған 50%-ы озық халықаралық тәжірибеге сәйкес басқа салаларды қолдауға жұмсалады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Технологиялық саясат жөніндегі кеңес отырысында айтылды.
Бұдан бөлек, басым бағыттар бойынша технологиялық платформалар құрылады. Технологиялық платформа – белгілі бір технологиялық тапсырманың айналасында шоғырланған егжей-тегжейлі жол картасы сияқты. Ол нақты шараларды қамтиды және барлық қажетті стейкхолдерлерді біріктіреді. Бұл механизм Еуропалық Одақтағы технологияны дамыту тәжірибесіне негізделген.