Жас ғалым су асты әлемін зерттеуге арналған дронның прототипін жасады

Сәтбаев университетінің жас ғалымы су асты әлемін зерттеуге арналған дронның прототипін жасады, деп хабарлайды 24KZ.

Теңіз бен көлге тереңінен сүңгитін дрон қазір университет жанындағы Автоматика және ақпараттық технологиялар институтының зертханасында сынақтан өтіп жатыр.

Инженер Ермұхамед Кәлменовтың қолынан шыққан өнертабыс алдағы жылы коммерциялық жоба ретінде кәсіпкерлерге ұсынылады.

Дрон су астын таспалап, теңіз бен көлдің биосферасын зерттеп, тағанның қартасын жасай алады, - дейді Ермұхамед Кәлменов. Оған қоса судың лайлылығы, температурасы мен қысымын да анықтайды. Ал манипулятор орнатса, су астындағы құбырларды дәнекерлеуге де қауқарлы екен. Зертханалық нұсқасы болғандықтан, дрон сантехникалық құбырдан жасалған.

Ермұхамед Кәлменов, Satbayev University-нің аға оқытушысы:

- Бұл – прототип. Осы прототипте біздің қойылған гипотезаларды және мақсаттарымызды, сосын датчиктерімізді зерттейміз. Тағы да басқару жүйесін зерттеу үшін осындай протиптерді қолданамыз. Ал соңғы нұсқасының сыртын металдан жасап, басқа моторларды қолданамыз.

Дронның мақсаты – сүңгуір бара алмайтын мың метрге дейінгі тереңдікте зерттеу жүргізу. Прототип әзірге кабельдің ұзындығына тәуелді болғындықтан, 35 метрге дейін түсе алады. Зертханалық тексерістен кейін іске жарамды үлгісін жасамақ. Университет басшылығы өнертабысты кәсіпкерлерге өндірістік жоба ретінде ұсынбақ.

Ержан Көлдеев, Satbayev University-нің проректоры:

- Бұл жұмысқа өндірістен сұраныс болып, оған 20%-тен жоғары қаржы құяды. Мемлекет тарапынан 350 млн құйылса, үстіне жаңағы 70 миллиондай бизнесті тартуға сондай шарттары бар және біз университет осыған барлық жағдайды жасаймыз.

Университет қабырғасында ғалымдарды ынталандыру мақсатында өнертабысқа жыл сайын конкурс жарияланып тұрады екен. Былтыр 25 жоба әрқайсысы 5 миллион теңгеге дейін грант ұтып алған. Биылғы грант саны 50-ге жетіпті. Басты мақсат – жас өнертапқыштарды қолдау.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев.