Донорлық жүректі сақтайтын отандық құрылғы пайда болды
Донорлық органды 1 тәулік бойы сақтауға мүмкіндік туды, деп хабарлайды 24KZ.
Отандық кардиохирургтар осындай жағымды жаңалығымен бөлісті. Дәлірек айтқанда, ағзаны трансплантациялауға арналған бірегей құрылғы ойлап тапты. Қазір әлемде оның теңдесі жоқ. Жаңа аппарат клиникаға дейінгі сынамадан өткен. Дәрігерлер таяу болашақта мыңдаған адамның өмірін ұзартуға үміт барын айтты. «ӘЛЕМ» атты құрылғыны таныстыру рәсіміне біздің тілшілеріміз де қатысты.
Бұған дейін дәрігерлеріміз ағзаны трансплантациялау үшін күтіп ұстауы қымбатқа түсетін америкалық құрылғыны қолданып келді. Орган 4-6 сағат ішінде тасымалданып үлгерсе ғана жарамды болып есептелетін. Енді донорлық жүректі алыс қашықтықтан жеткізіп, операцияны сәтті орындауға мүмкіндік артты.
Оны 24 сағатқа дейін сақтауға осы отандық аппарат көмектеседі. Мамандар бұл кардиохирургия саласындағы әлемдік серпіліс екеніне сенеді.
Юрий Пя, UMC басқарма төрағасы:
- Еліміздің аумағы үлкен, халық саны аз, ал қалалар арасындағы арақашықтық алшақ болғандықтан, уақыт жоғалтып, тиісті донорлық ағзаны алу өте қиынға соғады. Бірде Павлодардан донорлық жүректі жеткізу қажет болып, қолайсыз ауа райы салдарынан уақытты созып алдық. Операциялық залда донорлық органды жасанды қан айналымы аппаратына қосу жайында ой келді. Осылайша, 2017 жылы «Жүрек орталығы» қорымен бірлесіп, осы жобаға кірісіп кеттік.
Елде 4 мыңға жуық науқас ағза ауыстыру операциясына мұқтаж. 80 мыңға жуық адамға созылмалы жүрек ауруы диагнозы қойылған. Оның 10% жуығына шұғыл көмек қажет.
Жаңа аппарат донор жүрегінің қағысын тоқтатпайды. Жасанды қан айналымы мен қажетті температураны қамтамасыз ете алады.
Махаббат Бекбосынова, UMC басқарма төрағасының орынбасары:
- Былтыр жүрек ауруына шалдыққан 300 ересек адамның хәлі мүшкіл болды. Өкінішке қарай, науқастардың барлығы дер кезінде көмек ала алмайды, себебі елде бірнеше жыл бойы донорлық бағдарламаның орындалуы өте баяу іске асып жатыр. Бүгінде ресми дерекке сай 137 адам донор ағзасын күтіп жүр, олардың 10-ы – бала.
Тимур Лесбеков, UMC Кардиохирургия клиникалық-академиялық департаментінің директоры:
- Бұл аппаратты құрастырған топтың құрамына кіру сәті маған бұйырды. Қысылтаяң шақта бар тәжірибемізді жинақтап, шешуші қадам жасаға бел будық. Тың құрылғының бірнеше инновациялық жетістігі бар. Жаңа әдістемені клиникалық тәжірибеде сәтті қолдануға үміттіміз.
Дәрігерлер аппаратты болашақта донорлық өкпе, бүйрек, бауыр трансплантациясына да қолдануды жоспарлап отыр. Тиісті рұқсаттама рәсімдерінен кейін құрылғыны клиникалық сынақтан өткізу кезеңі басталады. Кардиохирургтер «елдегі барлық донорлық емханаларды осындай аппаратпен қамту үлкен жетістік болар еді», - деген тілегін жеткізді.
Авторлары: Рухани Асқар, Марат Диқанбаев.