Жас ғалымдар тың жобаларды қолға алды
«Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерде оқып, білім алып қайтқан жастар еліміздегі жоғары оқу орындарының ғылыми зертханаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, Жетісу өңіріндегі жас ғалымдар «Молекулалық генетика және геномика», сондай-ақ «Биотехнология» бағытында ізденіп жүр. Бірі бидайдың климаттық жағдайға қолайлы әрі құрғақшылыққа төзімді сұрыптарын зерттеумен айналысса, енді бірі сүт өнімдерін сапалы өндіру мәселелеріне ден қойған.
Ұлыбританияның ең беделді зерттеу орталықтарының бірі – Джон Иннес институтының PhD докторанты Қанат Ермекбаев молекулалық селекция жасап, сапалы бидай сұрыптарын генетикалық картаға түсірумен айналысады. Өйткені осы жұмыстар арқылы агрономиялық маңызы бар гендердің локациясы көрінеді. Дәстүрлі әдіс бойынша бір сұрыпты шығаруға 14 жыл кететін болса, геномдық технологиялар арқылы ол процесті екі есеге дейін азайтуға және дәлдігін арттыруға болады.
Қанат Ермекбаев, молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі:
- Негізгі мақсат – бидай өнімін зерттеп, оның өнімділігін, төзімділігін және сапасын арттыру. Бұл мақсатта тек дәстүрлі әдістер қолданылмайды. Негізгі эксперименттеріміз ДНҚ технологиясына негізделген. Өздеріңіз көріп тұрғандай, зертхана қазіргі таңда бүкіл сондай ДНҚ деңгейіндегі зерттеулерді жүргізуге қауқарлы. Бүкіл жабдықтармен жабдықталған.
Жетісу облысы аграрлы өңір болғанымен, Талдықорғанда ауыл шаруашылығы саласына маман даярлайтын жоғары оқу орындары жоқ. Сол себепті педагогикалық бағытта білім беретін оқу орындарының жанынан Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институтының молекулалық генетика және геномика зертханасы ашылған болатын. Ол 2 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді.
Қанат Ермекбаев, молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі:
- Әлемде интенсивті селекция деген үлкен жаңа технология шыққан. Бұл тек дамыған мемлекеттерде бар. ТМД мемлекеттерінде әзірге жоқ. Біздің бір қуана айтатын жаңалығымыз, сол платформаны Жетісу университетінің базасында қазіргі таңда құра бастадық.
Ол өсімдіктің вегетативтік кезеңін екі есеге дейін қысқартады. «Дәстүрлі әдіс бойынша бидайдың дәннен дәнге айналуы үшін 120 күн кетеді. Ал интенсивті селекция платформасын қолдану арқылы біз оны 60 күнде дәннен дәнге жеткізе аламыз», – деді Қанат Ермекбаев. Зертханада алынған өнім еліміздегі егіс алқаптарында сынақтан өтеді. Көршілес Қытай Халық Республикасындағы Шанхай Джяо Тоң университетінің докторантурасын «Биоинженерия» мамандығы бойынша тәмамдаған Жадыра Сағыман дәстүрлі сүт өнімдерін сапалы өндіру бағытында еңбек етіп жүр.
Жадыра Сағыман, биотехнология зертханасының меңгерушісі:
- Елімізде дәстүрлі ферменттелген сүттің өте көп түрі бар. Салауатты тамақтануға деген қызығушылықтың артуына байланысты осы сүт өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Қазір әлемде осы сүт өндірісін өнеркәсіптік деңгейде өндіру тенденциясы бар. Біздің елімізде бұл жағы дәстүрлі деңгейде қалып жатыр.
Жадыра Сағыман бірнеше жылдан бері сүт өнімдерінің құрамындағы микробтық қауымдастықты зерттеумен айналысып келеді. Ол өнімнің қоректік және басқа да құндылығын анықтауда аса маңызды роль атқарады. Жадыра жетекшілік ететін зертхананың ең негізгі мақсат-міндеттерінің бірі – еліміздегі сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға адам ағзасына пайдалы, қоректік құндылығы жоғары, сапалы өнім өндірудің тың тәсілін ұсыну.
Педагогикалық бағытта білім беретін университетте 4 жылдан бері агрономия саласына маман даярлау ісі қолға алынғанын да атап өткен жөн. Шәкірттер осы зертханада практикалық тәжірибеден өтеді. Молекулалық генетика және геномика, биотехнология зертханаларын ашу үшін жоғары оқу орнының жеке қаражаты есебінен 300 млн теңге бөлінгенін де айта кетейік.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев.