Астанада «Талдау мектебі» жобасының үшінші кезеңі аяқталуға таяды

Елордадағы Талдау мектебінде оқудың үшінші кезеңі аяқталып қалды.

Іріктеуден өткен 60 адам түрлі сала бойынша білімдерін шыңдады. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор мамандары, халықаралық ұйым өкілдері бар. Қатысушылар он үш топқа бөлінді. Алтауы білім саласындағы мәселелерге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Басқалары денсаулық саласындағы түйткілдер, жұмыссыздық, су тапшылығы сынды тақырыптарды қозғайды. Аналитикалық курс екі айға жоспарланған. Әр сенбі сайын өтетін дәріс бір аптадан кейін аяқталады. Биылғы жобада қатысушылардың жасына қатысты шектеулер алынып тасталды.

Жасұланбек Майлыбай, "Талдау мектебі" жобасының ұйымдастырушысы:

- Үшінші кезеңнің тақырыбы БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттары деген бар, 17 мақсат. Біз осы тақырыпты алдық және оны ұлттық деңгейде қарастырып жатырмыз. Оның ішінде 5 мақсат бар, соның ішінде, денсаулық мәселесі, жұмыс мәселесі, кедейлікті шешу мәселесі, су мәселесі, білім мәселесі сондай тақырыптарды біздің қатысушыларымыз әрбір кейстерді алып белгілі бір өңірдің ерекшеліктерін алып зерттеулер жүргізіп жатыр.

Жанна Жаухарова, қатысушы:

- Биылғы жылдың ерекшелігі өңірлерден жақсы мамандар іріктеліп, белсенді қатысуда. Соның бірі мен. Талдау мектебінде аналитикалық дағдыларымызды нығайтып, Мәскеуден, Сингапурдан келген лекторлардан білім алдық. Нәтижесінде сенат төрағасына өзіміздің докладтарымызды әзірлейтін боламыз.