БҚО-да бес мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Батыс Қазақстан облысында биыл 5 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Жазғы каникул басталған бойда жөндеуді бастаймыз, деп отыр жауаптылар.

Білім ошақтарын жаңғырту өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы компанияның есебінен жүргізіледі.

Қаладағы №17 мектепте қазір 1800-ге жуық бала білім алады. Ғимараттың салынғанына жарты ғасырдан асқан. Тозған есік-терезелер мен жарылған төбе жаңартуды қажет етеді. 

Надежда Петрусева, мектеп директорының орынбасары:

- Жақында мектептің салынғанына 60 жыл болады. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазіргі жағдайы нашар. Десе де балаларды оқытып отырмыз. Жыл сайын қажетті жөндеу жүргізіледі. Тесіктерді жамап, есік-терезесін бояймыз.

Бұл еліміздегі ең көне музыка мектебінің бірі. Білім ордасына Дина Нұрпейісованың есімі берілген. Ұлттық өнерді насихаттайтын мектептің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Жарты ғасырлық тарихы бар ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу керек. Материалдық-техникалық база да жаңартуды қажет етеді. 

Ольга Савельева, мұғалім:

- Жақсы аспап ойнауға да, үйренуге де қолайлы. Мұнда бәрі тозып тұр. Егер музыкалық аспабыңыз жарамсыз болса, үйренуге деген ынтаңыз да қашады. Сондықтан жаңарту керек. 

Светлана Абрамова, Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі директорының орынбасары:

- Мектеп 47 жыл бойы балаларға білім беріп келеді. Әрине күрделі жөндеу қажет-ақ. Шатыр, жылу, байланыс пен сантехника тозған. Мектептің заманауи талапқа сай болғанын қалаймыз. Жергілікті билік күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде беріп отыр. 

Биыл өңірде 5 мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданған. Жергілікті билік бұл жұмыстың жер қойнауын пайдаланушы компанияның демеушілігімен жүзеге асатынын айтады. Бұған шамамен 4 млрд теңгедей қаржы қарастырылған. 

Аяжан Жүнісова, Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- Жаңақала ауданы Карманов мектеп-балабақша кешені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жасалса, 4 білім беру нысаны КПО BV компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары аясында күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл объектілер бойынша мердігерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Қазір өңірде 375 мектеп бар. Оның 14-і апаттық жағдайда. Сондай-ақ 10 білім ошағында балалар үш ауысыммен оқып жатыр. Жергілікті билік өңірдегі өзекті мәселені алдағы үш жылда шешуді жоспарлап отыр.

Асланбек Шығыр, Альбина Кумаргалиева, Болат Жарылгасов, Эльдар Аюпов