Ғалымдарымыз су тасқынын болжаудың жолын тапты

Қазақстандық ғалымдар су тасқынын алдын ала болжаудың жолын тапты.

Былтыр тың технология бірнеше өңірде сыналып, оң нәтиже көрсеткен. Биыл жаппай қолданысқа енгізіліп жатыр. Жауапты министрлік өкілдері енді арнасынан асқан өзендер ауыздықталады деп сендірді. Бұл қандай технология? Ел бойынша көктемгі тасқынға дайындық қандай?

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Қазір Қазақстан аумағының 70 пайызға жуығы қар құрсанып жатыр. Бұдан былай күн жылына түсетінін ескерсек, жылғалар суға толатын кез жақындап қалғанын түсінуге болады. Сондықтан мамандар тасқынның алдын алу үшін табиғаттың қас-қабағын бағып отыр.

Ұлжан Мажен, «Қазгидромет» РМК Гидрологиялық болжамдар басқармасының жетекші инженері:

- Жинақталған ылғал қорының көлемі Ақмола облысының Шағалалы, Қалқұтан, Жабай өзендерінде, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл өзенінде, Қостанай облысының Тобыл, Аят және Тоғызақ өзендерінде, Ақтөбе облысының Ор және Ойыл өзендерінің алаптарында орташа көп жылдық мәндерден 12 пайыздан 95 пайызға дейін жоғары.

Синоптиктер жазықтағы өзендер қалыпты деңгейде екенін айтады. Мәселен, Қарағанды және Ұлытау облыстарында ылғал қорының көлемі орта есеппен 27% - дан 52% - ға дейін төмендеді. Ал Ақмола мен Солтүстік Қазақстанда 12% - 63%. Ақтөбе өңірінде 4% - 15% арасында. Батыс Қазақстанда 28% - дан 67%-ға дейін, Қостанай облысында 16% - дан 51% - ға дейін төмендеген. Бірақ қауіп жоқ емес.

Графика:

Қазақстанның жазық аумағындағы өзендердің алаптарында жинақталған ылғал қорының көлемі

- Қарағанды және Ұлытау облыстары 27% - 52%

- Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары 12% - 63%

- Ақтөбе облысы 4% - 15%

- Батыс Қазақстан облысы 28% - 67%

- Қостанай облысы 16% - 51% 

Ерлан Жұмабаев, ҚР Су ресурстарын мемлекеттік есепке алу және кадастр басқармасының басшысы:

- Қазгидромет берген болжамға сәйкес шығыс өңірлерде ұстап отырмыз енді. Қар қорының нормадан жоғары түсуіне байланысты. Солтүстік өңірлер, батыс өңірлер бақылауда. Орталық өңірлер енді жыл сайын қар қоры көп түсетін аймақтар. Бұл аймақтарда қар қоры жылдам еріген жағдайда су босату жұмыстары тез жүргізіледі су қоймаларда.  

Қазір елдегі барлық қоймалардағы су деңгейі де бақылауда. Соңғы дерек бойынша теріскейдегі бөгендер 59% толған. Бұл былтырғыдан 9% көп. Ал оңтүстікте бұл көрсеткіш 58%. Батыстағы жиналған су көлемі 77%-ға жетіп, бір жыл бұрынғыдан 14% асып кеткен. Шығыстағы жағдай да былтырғыдан күрделірек. Мұндағы қоймалар 60% толы. Ал Орталық Қазақстан бөгендерінде 61% су жиналған.

Графика:

Қазақстан су қоймаларындағы су деңгейі

Солтүстік – 59%

Былтырғы көрсеткіштен 9% жоғары 

Оңтүстік– 58% 

Батыс - 77%

Былтырғы көрсеткітен 14% жоғары 

Шығыс – 60%

Былтырғы көрсеткіштен  9% жоғары 

Орталық – 61%  

Асқар Нұрханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы:

- Ерекше бақылауда Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Қостанай облысы, Солтүстік пен Ақмола облыстары. Өйткені мынау Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында  екі жыл қатар су басып жатыр. Сол қайта-қайта басқан аймақтар ерекше бақылауда қазір.  

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Су айдындарының тосын мінезімен күресте жаңа технологиялар да қолданыла бастаған. Әсіресе табиғи апаттың қашан, қай жерде болатынын алдын ала болжауға көмектесетін жобалар сұранысқа ие. Мамандар ол үшін мұрағат ақтарып, тарихи деректерді зерттеуі керек.

Өскен Тойшыбеков, «Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ төрағасының орынбасары:

- Жергілікті гидропосттардың, басқа да метеопосттардың күнделікті деректерін жинастырып, сол жердің жергілікті жер бедерінің цифрлық моделін құрастырып, оны жүйеге салып, белгілі бір методикамен оның моделін жасау керек. Оны біз осы Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде деректерді жинастырып, базаға енгіздік.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Бұл ақпараттар сарапталып, ықтимал су тасқындарының моделі жасалады. Оның екі түрі бар. Бірі қысқа мерзімді, яғни бір-екі аптаның ішінде болуы мүмкін өзгерістерді көрсетеді. Ал ұзақ мерзімді модельдеу кезінде ондаған жылдарға болжам жасалады.

Серік Селеубайұлы, Абдулхамит Бөлекбаев