«JolTap» жобасы: 2 мың адам тегін оқыды
Елордада «JolTap» жобасы аясында 2 мың адам қысқамерзімді оқыту курстарынан тегін өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Соның ішінде кейбірі техникалық мамандықтарды игерсе, енді бірі цифрлық саланың тілін меңгеріп шықты. Әлеуметтік бастама Мемлекет басшысының жалпыға бірдей жұмыспен қамту қағидатын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Санат Мәмешова біраз жыл бойы білім беру ұйымында қызмет атқарған. Алайда бала күнінен дизайнер болуды армандаған ол жеке тігінханасын ашуды ойлап жүріпті. Іскер әйел былтыр «JolTap» жобасына қатысуды ұйғарған. Сөйтіп тігіншілік курсын тегін оқып, тәжірибе жинақтады. Жақында өзінің көптен күткен кәсіпкерлік нысанын ашып та үлгерді.
Санат Мәмешова, тігінші:
- Тігін саласын біз бір ай оқыдық. Бұл жерде ұмытылып кеткен барлық түрін үйреніп шықтым. Қазіргі таңда заманауи үлгідегі қазақ киімдерін шығарып жатырмын. Киімдердің стилін өзгертіп жатырмын. Әрі қарай тігінге қызығушылығы бар қыздарды алып, бірге жұмыс жасауға ниет етіп отырмыз.
Ал Айгүл Закерия таргетолог болуды қалайды. Әлеуметтік желі дамыған сайын бұл мамандық мол табыс кепілі болып тұр, – дейді ол.
Айгүл Закерия, таргетолог курсына қатысушы:
- Иә, сұраныс артып жатыр. Өйткені қазір көбінде жеке кәсіпкерлік дамып жатыр ғой. Мұнда өзіңнің мамандығыңнан тыс қосымша мамандықты игеруге мүмкіндік беріп жатыр.
Әлеуметтік жоба аясында астаналық жұмыссыз және дипломы жоқ жастар кәсіби оқыту курстарына тегін қатыса алады. Оның мерзімі 2 аптадан 1 айға дейін. Былтыр қараша айынан бері 14 мамандық бойынша дәріс өткізіліп жатыр. Оның алтауы техникалық, ал қалғаны цифрлық саланы қамтиды.
Ерасыл Ділдәим, «JolTap» жобасының менеджері:
- Бұл мамандықтар арасында, яғни электр-газбен дәнекерлеуші, сатушы-кассир, баристо, цифрлық мамандықтар бойынша СММ, таргетолог, мобилография сияқты өзекті дағдылар. Бұл дағдылар арқылы азаматтар өзінің табысын арттыра алады. Қазіргі таңда 2 мыңдай адам оқытудан өтті.
Алғашқы түлектердің жартысынан көбі аз уақыт ішінде жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін дәл осындай оқыту курстарынан 10 мың адамды өткізу көзделіп отыр, – дейді жоба жетекшілері.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ғалымжан Әбділахат.