Алматыда педагогтерге арналған хакатон өтті

Алматыда JUZ40 білім беру орталығы мен USTART ұстаздық өнер академиясының ұйымдастыруымен өткен педагогикалық хакатонның қорытындысы шықты, деп хабарлайды 24KZ. Алматы қаласы мен облыстан келген 19 команда екі апталық зерттеу жұмыстарының нәтижесін ұсынды. Жеңімпаз мектеп ұжымдары қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Мектептің, білім саласының өткір мәселесін ұстаздан артық ешкім білмейді. Сондықтан JUZ40 білім беру орталығы мұғалімдерге арналған ауқымды жобаның екінші кезеңін еңсерді. «Білімді ұрпақ білікті ұстаздың қолында», – дейді ұйымдастырушылар.

Жұлдызай Мұсаева, JUZ40 білім беру орталығының негізін қалаушы:

- Мақсат – білім саласындағы әсіресе мектепте мұғілімдердің басынан өткізіп жатқан проблемаларды ортаға салып қозғау, шешімін ұсыну және де ең үздік шешімдерді жүзеге асыру.

Хакатон алаңы білім беруде кездесетін түрлі проблемаларды қамтыды. Қатысушы командалар «Педагогтің кәсіби денсаулығы», «Оқу не үшін керек?» деген сияқты 19 тақырыпты қорғап, шешімімен қоса ұсынды. 

Болат Жанайханұлы, №202 мектеп-гимназия директоры:

- Өзіміздің мектепте қолданып жатқан мұғалімдердің еңбегін бағалау КРІ формасын, бағдарлама ретінде әкеліп, тәжірибе ретінде ұстаздармен бөлісіп отырмыз. Ол жерде мұғалімнің А-дан Б-ға дейінгі өзін-өзі дамыту траекториясының бағдаршамы іспеттес дайын өнімді әкеліп ұсынып отырмыз.

Педагогикалық хакатон биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр үздік деп танылған «Идеал ұстаз күнделігі» жобасы бүгінде ұстаздар арасында кеңінен қолданылып жатыр.

Құралай Байтажікова, USTART жобасының жетекшісі:

- Осы идеялардың акселераторын өткізгіміз келеді. Яғни кейбір идеяның, кейбір өнімнің прототиптерін жүзеге асыру үшін қаржылай, ақпараттық қолдаулар керек. Сондықтан келесі қадамымыз педагогикалық идеялар акселераторы болады.

Педагогикалық хакатонның жүлде қоры – үш миллион теңге. Үздік шыққан алты команда қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев.