«WorldSkills Kazakhstan 2024» чемпионатының жеңімпаздары марапатталды
Кейінгі екі жылда техникалық бағыт бойынша білім алатын студенттердің шәкіртақысы екі есеге дейін өсті.
Ынталы жастарды жұмысшы мамандықтар мен кәсіптерге тарту бағытында ілкімді жобалар іске асып келеді. Ал өз саласындағы үздіктер Елордада өткен «WorldSkills Kazakhstan 2024» чемпионатында марапатталды. Дәстүрлі байқауға биыл еліміздің барлық өңірінен 550-ден астам колледж студенттері қатысты. Чемпионат экономиканың негізгі салаларын қамтитын 30 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды. Олардың қатарында құрылыс, электро-монтаж жұмыстары, көлікке қызмет көрсету, әлеуметтік және тұрмыстық қызметтер, сондай-ақ өндірістік және инженерлік технология бағыттары бар. Республикалық кезеңнің жеңімпаздары келесі жылы Данияда өтетін EuroSkills-2025 халықаралық чемпионатында еліміздің намысын қорғайды. Айта кетейік, WorldSkills стандарттары бүгінде отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізіліп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда ерекше маңызға ие.
Әсет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:
- Студенттеріміздің білім алуына барлық жағдай жасалынған. Студенттердің стипендиясы екі есеге өсті. Олай дейтініміз, 2022 жылы 20 мың теңге алса, 2024 жылдан 40 мың теңгеге көтердік. Оған қоса жұмысшы мамандықтарды жастарға дәріптеу бойынша жалпы мемлекеттік тапсырыс көлемін жыл сайын көбейтіп жатырмыз.