СҚО-да 5000-ға жуық бала арнайы білім беруді қажет етеді
Солтүстік Қазақстан облысында 5 мыңға жуық бала арнайы және инклюзивті біліммен қамтылған, деп хабарлайды 24kz.
Балабақшалар мен мектептерде қосымша қолдау кабинеті ашылды.
«Бұл мүгедектігі бар оқушылардың ортаға тез бейімделіп кетуіне оң ықпал етеді», - дейді мамандар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Балабақшадағы мектепке дейінгі мына даярлық тобында көзі нашар көретін балалар тәрбие алады. Логопед олардың сөйлеу қабілетін ашу үшін осындай жаттығулар жасайды. Әрқайсының деңгейіне байланысты жеке-жеке жұмыс істейді. «Бұл өте маңызды», - дейді маман.
Айгүл Нұртаева, логопед:
- Бірінші сыныпқа баратын бұл балалардың сөйлеу қабілетін дамыту керек. Әсіресе, лексикалық-граматикалық компонентіне мән берген жөн. Бұл олардың шығарма жазып, мазмұндап айтуына оң ықпал етеді.
Бұл балалар келесі жылы бірінші сыныпқа барады. Облыстағы 27 мектепте арнайы білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинеті ашылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар оқушыларға сабақ беретін 5 мыңға жуық мұғалім арнайы курстан өтті.
Елена Балтина, облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының әдіскері:
- Негізгі мәселе – сапалы кадр даярлау. Бұл ретте қазір арнайы семинар өтіп жатыр. Астанадан келген білікті мамандар жергілікті тәрбиешілер мен мұғалімдерді оқытып, біліктілігін арттырады.
Солтүстік Қазақстан облысында 26 арнайы білім беру ұйымы бар. Ал, келесі жылы Петропавлда тағы бір аутизм орталығы ашылады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов