Stop Fake айдары: WhatsApp тегін 50 Гб таратады

WhatsApp компаниясының тегін 50 Гб интернет-трафик үлестіріп жатқаны жайлы да хабарлама тарады. Ол үшін көрсетілген сілтеме арқылы сайтқа өтіп, сауалнама толтыру керек екен. Шын мәнінде бұл алаяқтардың құрған тұзағы. Мұндай фишинг арқылы алаяқтар WhatsApp  қолданушысының жеке мәліметтерін ұрлайды. Бұл ретте компания барлық жаңалықты тек ресми сайтында жариялайтынын жеткізді.

Вакциналар ЖИТС жұқтырып, анафилактикалық шок тудырады 

«Вакциналаудың үш кезеңі адамдардың денсаулығын құртып, тіпті өлтіру үшін ойластырылған» деген жалған ақпар тарап жатыр. «Стопфейк» порталы бұны жоққа шығарады. Теория авторының пікірінше, екпенің алғашқы дозасы СПИД, яғни жұқтырылған иммундық тапшылық синдромын шақырады-мыс. Ал екінші дозасында тірі вирустардың көптігі соншалық, одан адам сеспей қатады екен. Үшіншісі анафилактикалық шок тудырады. Бұл айтылғандардың ешқайсысы шындыққа жанаспайды.

Еңбек министрлігі сауалнама жүргізіп, сыйақы береді  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халыққа онлайн сауалнама жүргізіп, кейіннен 50 000 теңге сыйақы төлейтіні туралы ақпарат тарады. Бұл да шындыққа жанаспайды. Алаяқтар жеке аккаунттар мен банк есеп-шоттарына қол жеткізу үшін осындай қулыққа көшкен. Министрлік күмәнді сілтемелерге өтпеуді және жеке мәліметті бейберекет қалдырмауды сұрайды. Сондай-ақ ведомство мәліметтерді ресми көздерден ғана алу керектігін ескертеді. 

WhatsApp арқылы лаңкестердің номері таратылады

WhatsApp қолданушылары арасында "лаңкестік ұйым өкілдері қоңырау шалуы мүмкін" деген хабарлама тарап жатыр. Оған мессенджер арқылы келетін "Қайырлы күн", "Күніңіз сәтті өтсін!" деген сурет-хабарламалар себеп. Онда мұндай хаттарды дереу өшіру керектігі де ескертілген. Алайда бұл жалған ақпарат. Жалпы мұндай WhatsApp хабарлама екіге бөлінеді. Жаңағы "Қайырлы таң, күн, кеш!" мазмұнындағы хаттардың фишинг коды бар-мыс. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Жалған хабарламаның енді бірінде лаңкестік ұйым мүшелерінің номерлері көрсетілген. Олар бізге қоңырау шалса, байланыс кілт үзіледі. Бөтен ойы жоқ азаматтар ол номерді қайта терген бойда, телефонда сақталған барлық абонент пен банк картасы жайлы дерек бірден бастапқы қоңырау шалушыға көшіріледі екен. Бұл да жалған ақпарат. Десе де, белгісіз номерден қоңырау түсіп, бірден үзілетін кездер де болады. Мұндай жағдайда расымен сақ болған абзал. Егер номерге қайта хабарлассаңыз, халықаралық қоңырау жасауыңыз бек мүмкін. Көбіне алаяқтар осылай пайда табатын көрінеді.