«Аушадиярды» білесіз бе?
Бұрынғылар айтатын «Аушадияр», «Аужар», «Арыз өлең», «Жоқтау» деп. Бірақ бүгінгілер мұны ұмытып барады.
Ия, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей ұмыт болғандары да бар. Жоқтау белгілі, ал «Аушадияр» деген қандай дәстүр?
«Аушадияр» - той жыры. Бас қосқан екі жастың тойында айтылатын дәстүрлі өлең. Құлаққа жағымды ырғақпен жастарға арнап айтылатын бата-жыр. Бізде бұл үрдіс жоғалған. Қолданыста жоқ тіпті...
Ұлболсын Жақияқызы, Қосшы қаласының тұрғыны:
- «Аушадияр» деген мынау шетелде қалып қойған дәстүр. Бұл Қазақстанда болмаған дәстүр. «Аушадияр» деген бізше айтқанда қыз ұзатуда айтылатын жар-жар деген мағынаны білдіреді. Бұл «Аушадияр» тәрбиелі, өнегелі толғау ретінде айтылатын дәстүрлі өлең.
«Аушадияр» - қалыптасқан дәстүр бойынша той үстінде де және қыз аттанар мезгілде де айтылады. Мұның бірнеше түрі бар. Бізге бұрынғылардан толық жетпегенімен қытай қазақтары санамалы түрін айтып жүр.
Ұлболсын Жақияқызы, Қосшы қаласының тұрғыны:
- «Аушадияр» бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
«Аушадияр» – екі дер,
Ер жеткеннің еркі дер.
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер» - деп жалғасып отырады. Тек өкініштісі...
Ардаби Мәулет, өнертанушы:
- Ұмыт болған. Ол жаңағы біздің өскен шекараның арғы жағындағы Іленің бойындағы Алтай-Тарбағатай бойында өскен қазақтарда бұл дәстүр әлі бар. Сосын «Арыз өлең» деген бар. Қызды ұзатып кетіп бара жатқан кезде «Жар-жар» айтады, «Аужар» айтады, бар ғой олар. «Аушадияр» деген болған мынау «Аужар» сияқты. Бір кіші жанр. Тұрмыс салт жанры дейміз ғой, үйлену салтына байланысты айтылады. Сондай тарихи дүниелер бар, бізде ол ұмыт болып кеткен.
«Аушадияр» өлеңін санамақ деп отырғанымыз ол бірден бастап, жиырма беске дейін айтыла береді. Дәріптелмеген дәстүрдің тағы бірі – «Күләп жыры». Осы жыр арқылы бұрынғылар ауырған адамды емдеген. Бұл да бүгінгі күні ұмыт болған дәстүрдің бір түрі.
Асантемір Қаршығаұлы, Асхат Қарақойшиев, 24.KZ