Шымкентте 165 адам ағза ауыстыру үшін кезекте тұр
Шымкентте бүйрек трансплантациясы бойынша 230-шы операция жасалды, деп хабарлайды 24kz.
Әкесі донор болып, ұлына өмір сыйлады. Шымкентте мұндай күрделі ем-дом 12 жылдан бері сәтті орындалып жүр. Дегенмен, донор тапшы. Салдарынан сырқаттанушылардың бірнеше жыл күтуіне тура келеді.
Қазір қалада бүйрек пен бауыр және жүрек ауыстыруға 165 адам кезекте тұр. Олардың қатарында Мейіржан Мәден де бар еді. Созылмалы бүйрек ауруымен жеті жыл күресті. Гемодиализге тәуелді ұлын көріп, әкесі донор болуға шешім қабылдаған.
Мейіржан Мәден, қала тұрғыны:
- Қазір шүкір, диализден құтылып, бүйрегімді ауыстырып, әйтеуір адам қатарына қосылғаныма әкеме рахмет. Екінші өмір сыйлап, дүниеге қайта әкелген сияқты болды, сөздің шыны керек. Қазір енді шүкір Аллаға, қан қысымы мүлдем жоғарыламайды. Дәрісін ішпеймін. Бәрі нормада.
Нұрлыбай Мұсабеков, донор:
- Балам да жақсы, жаман емес. Қанша дегенмен, қорқыныш болды. Қазір жақсымыз. Балам 2018 жылдан бері ауырып жүр осы аурумен. Балам қазір жақсымын деп жатыр, өз-өзін жақсы сезініп жатыр. Аман-есенбіз. Өзім де жақсымын.
Операцияның сәтті өтуі Мейіржанға жаңа өмір сыйлады. Жуырда отбасына оралады. Дегенмен, дәрігерлер туыстық донорлықтың мәселені толық шешпейтінін айтады. Қазір елімізде мәйіттік донор туралы түсінік толық қалыптаспаған. Жылдар бойы қолайлы донор күтетін науқастар да бар. «Тіпті кейбірі операцияға жете алмай көз жұмады», - дейді ақ халаттылар.
Қалдыбай Тезекбаев, Трансплантациялау және жоғары технологиялық қызметтер орталығының аумақтық трансплантациялық үйлестірушісі:
- Шымкент қаласында мәйіттік донор деген әлі дамыған жоқ. Жалпы жасалған операциялардың 80%-і тірі донордан, яғни, туысқандарынан алынып жатыр. тек 20%-ке жақыны ғана мәйіттік донордан. Бұл өте аз. Тура біз сияқты Ислам дінін ұстанатын Иран мемлекетінде, керісінше, мәйіттік донор 80%-ке, туыстық донор 20%-ке дамыған.
Елімізде мұндай операция жасауға барлық жағдай бар. «Заманауи құрал-жабдық пен тәжірибелі маман жетерлік», - дейді трансплантология бөлімінің меңгерушісі Сәбитхан Байтеміров. Бірақ орган тапшылығы мәселесі өте өзекті.
Сабихан Байтеміров, №1 қалалық аурухана трансплантология бөлімінің меңгерушісі:
- Қайтыс болғаннан кейін донорлық жөнінде теріс пікірлі адамдар көп. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру деңгейі біздің елде өте төмен. Сол себепті өзінің тірі доноры жоқ пациенттер тіркеу, күту парағында жазулы тұрғандар өздерінің кезегіне жете алмай өмірден өтіп кетіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бір мәйіттік донор жеті науқастың өмірін аман алып қалуы мүмкін. Бүгінде шымкенттік дәрігерлер көздің қабығын да ауыстырып жатыр. Алдағы уақытта жаңа технологиялар мен цифрлық жүйелердің арқасында саланың дамитынына сенеді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашыбекұлы