Қазақстанда психикалық ауытқуы бар балалар саны артып барады
Елде психикалық ауытқуы бар 45 мың бала есепте тұр. Оның 5 мыңы бас қалада тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігі ақыл-есі кем науқастардың саны жыл санап артып жатқанын мәлімдеді. Ақпарларына сүйенсек, былтырдың өзінде кәмелетке толмаған 10 мыңнан аса жасөспірім стационарлық жағдайда ем алған. Бұл қатарда шизофрения дертіне шалдыққан 178 науқас бар. Ақыл-ой дамуы тежелгендерді қалай қатарға қосуға болады? Оларды қоғамнан оқшаулау қаншалықты қажет?
Күні кеше тап осы жеделсатыда болған жағдай қарашаны алаңдатып қойды. Ата-ана біткен үйдегі ұл-қызын бір сәт қараусыз жіберуге қорқып қалғаны анық. Ақыл-есінде ауытқуы бар жасөспірімнің жауыздық әрекеті ескерусіз жатқан біраз мәселеге назар аударғандай.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сондықтан бүгінгі таңда біздің балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа бір амалдарын жасау керек. Жаңағы азаматтың өзі тіркеуде тұрады екен. Міне, сондай тіркеуде тұратын азаматтарға бақылауды күшейту керек. Жалпы қоғам болып қазір балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс жасауымыз керек және ең негізгісі – құқық қорғау органдары.
Қазақстанда қазіргі күні психикалық ауытқуы бар 204 408 адам бар. Қатарында 44 781-і кәмелет жасына толмаған бала мен жасөспірім. Көрсеткіш жыл санап өсіп келеді деді министрлік. Жүйке жүйесіндегі сырқаттардың аса қауіптісі шизофрения екен. Аталған кеселмен бүгінде 39 334 науқас бақылауда тұр. Дертіне шипа іздегендерді емдеп, қатарға қосу үшін 20 өңірде психикалық-денсаулық орталығы жұмыс істейді. Мұнда оңалтудың оңды қадамдары азаматтарға психологиялық тұрғыда қолдау, көмек беріледі.
Нәби Есімов, ҚР ДСМ «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» ШЖҚ РМК бас директордың орынбасары:
- Осы 20 орталықта реабилитация да бар. Өзінің екі түрі бар. Бірі психикалық белсенді заттарды қолдануға байланысты. Екіншісі – белсенді заттарсыз оңалту. Яғни әртүрлі белсенді заттарсыз оңалту. Бізде алдын алу, біріншілік көмек, стационарлық көмек – осы тізбектің бәрі бар.
Ақыл-есінде ақау бар адамнан келетін қауіп те жоқ емес қазір. Ой-санасын басқара алмайтындардың қатысуымен қылмыс та тіркеліп жатыр. «Алайда, мұндай науқастарды қамауға алу, мәселенің тамырын толық кеспейді», – дейді депутат Асхат Аймағамбетов. Халық қалаулысы кеселдің салдарымен күресті күшейту керектігін еске салды. Әрі кешенді тәсіл қажет екенін айтты.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мұндай азаматтар бізде көп. Мұндай балалар бізде, өкінішке қарай, аз емес. Оларды тек қана жауапкершілікке тартумен біз бұл проблеманы толығымен шеше алмаймыз. Сондықтан біз бүгін проблеманы кешенді қорғау туралы айтып жатырмыз. Бұл біздегі мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмысы. Бұл психиатриялық қызметтің жұмысы негізгі. Әлеуметтік қызметтерді дайындау университеттерде осы мәселені көтеріп отырмыз.
Бүгінде әрекетке қабілетсіз ақыл-есі кем адамдардың құқықтарын қорғауды сот тағайындайды және оған 18 жасқа толған заңды өкіл ретінде қамқоршымен қамтамасыз етеді. Оңалтуға келсек, ережеге сәйкес психиатр-дәрігер науқастың жағдайын кемі айына бір рет қарап-тексеруі тиіс. Ал олардың қандай жағдайда стационарлық емдеуге жіберілетіні нақтыланбаған.
Авторы: Кәмшат Мұхамеджан.