Алматы тұрғыны мүгедек жандарға арналған экзоскелет жасап шығарды

Алматы тұрғыны 13 жыл бойы оңалтуға арналған инновациялық тренажер жасайды.

Жабдықтар науқастардың жеке қажеттілігіне бейімделген. Биыл ол мобильді қосымша арқылы басқарылатын автоматтандырылған экзоскелет жасап шықты. 

Мына шағын цехта вертикализатор, электротренажер және қозғалысты қалпына келтіруге арналған экзоскелет сияқты әртүрлі реабилитациялық жабдықтар бар. Мұның бәрі Иван Мешковтың еңбегі. Ол он жыл бойы сал ауруымен ауыратын, жұлын жарақатын алған, инсульттан кейінгі бұзылыстары бар адамдарға арналған құралдар жасап келеді. Оның бұл салаға бет бұруының өз себебі бар. Иван 2012 жылы ауыр көлік апатына түсіп, мүгедек боп қалды. Оңалтудан өту барысында ол қолайлы тренажердің жетіспеушілігін көріп, жағдайды өзгертуге бел буды.

Иван Мешков, жобаның негізін қалаушы:

- Мен өзім де осындай жағдайда болғандықтан бұл мәселені жақсы түсінемін. Инженерлер мен реабилитологтар арасында үлкен алшақтық бар. Мен әлемдегі басқа құрылғылардан ерекшеленетін ең күрделі реабилитациялық құралдарды жасауды мақсат еттім. Осы тренажерлерді жасаған кезде дизайн мен қолдану қолжетімділігіне мән бердім.

Барлық жабдық елде өндірілген. Жаңа өнімді шығармас бұрын жоба авторы оның тиімділігіне көз жеткізу үшін сынақтан өткізеді. Соңғы жетістіктерінің бірі – қашықтан басқару  арқылы  пациенттердің қозғалысын қалпына келтіретін автоматтандырылған экзоскелет. Иван Мешковтың айтуынша, бұл науқастың өз бетінше әрекет ету қабілетін дамытады.

Иван Мешков, жобаның негізін қалаушы:

- Негізінен барлық тренажерлер қолын, басын және тағы басқа мүшелерін қозғалта алатын пациенттерге арналған. Ал жаңа тренажерді басын да қозғалта алмайтын пациенттер үшін арнайы жасадым. Сондықтан біздің тренажерлерімізде бас тірегіштер, арқаны ұстайтын түрлі тіректер – абдукторлар, қолдарға арналған әртүрлі құралдар қарастырылған.

Иван Мешков тренажерлерді тек ересектерге ғана емес, балаларға да арнап әзірлейді. Сал ауруына шалдыққан 7 жастағы Әлішер күн сайын оңалтудан өтеді. Оған Иван жасаған арнайы жүргіштер ұнайды.

Игорь Логвинов, Әлішердің әкесі:

- Біз күндізгі реабилитациялық орталықтарда оңалтудан өтеміз. Бұл баламыз үшін өте маңызды, өйткені бұлшықеті үнемі қозғалыста болуы керек. Алғашқы ем шарадан кейін балам бұл жерден кеткісі келмеді. Ол өзі жүре бастады, оның өзі жүрген кездегі көңіл күйін сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Иван Мешковтың жобасы былтыр Әділет министрлігінің инновациялық технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін "Шапағат-2024" дипломымен марапатталды. Болашақта ұжым өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр.

Гүлжан Көленқызы, Султан Бейсекенов