Қазақстанда жасалған жоба Өзбекстанда қолданысқа енді

Қазақстанда ойлап табылған жасанды интеллект жобасы Өзбекстанға енгізіліп жатыр.

Біздің елде сәтті тәжірибеден өткен бағдарлама Ташкенттің емдеу орындарында қолданыла бастады. Оның пайдасын ең әуелі инсультті емдейтін дәрігерлер көрді.

Көрші ел астанасында бағдарламаның ресми таныстырылымы өтті. Жергілікті мамандарға нейрорадиология және инсультты емдеу ісіне қатысты тың тәжірибе ұсынылды.

Ауру ошағын дәлме-дәл анықтап, қан айналымын тежеп тұрған түйінді табуға көмектесетін жоба Қазақстанның бірқатар емдеу орнында қолданылып жүр. Бағдарламаның әлемде баламасы аз. Ең танымал түрлерін АҚШ пен Израиль мамандары ойлап тапқан. Ал қазақстандық өнімнің басты ерекшелігі, кез келген компьютерлік томография аппаратымен жұмыс істейді. Яғни сезімталдығы жоғары.

Антон Хильчук, эндоваскулярлы хирург:

- Клиникамызға қазақстандық жасанды интеллект жобасы 1 ай бұрын енгізілді. Осы уақыт аралығында 4 науқас инсульттан емделіп шықты. Дәрігерлер бұл бағдарлама арқылы ми патологиясын тез анықтай алады. Әдетте рентген аппаратынан көрінбейтін жайттарды белгілеп береді. Дұрыс шешім қабылдауымызға септігін тигізіп жатыр.

Жасанды интеллект таяуда Ташкенттің 67 жастағы тұрғынын инсульттан кейін аман алып қалуға көмектесті. Небәрі 3 тәуліктен соң науқастың қимыл-қозғалысында оң өзгеріс байқалған. Бағдарламаның дәрігерлерге берері мол. Мидағы қан айналымын тез қалпына келтіруден бөлек, өзге де сырқат түрлерін анықтауға жол ашады.

Меруерт Сайфоллақызы, жасанды интеллект жобасының медициналық жетекшісі:

- Осы Өзбекстандағы әріптестерімізге рақмет. Бізге сенгендері үшін. Біздің бағдарламамыз жасанды интеллектпен жұмыс істейді. Телефонға қосымша күйінде қойылады. Егер пациентті алып келсе, КТ жасайды. КТ-ны жасап болғасын біздің серверге келеді. Сосын 4 минут ішінде дәрігерлерге қорытындысы келеді.

Жоба Ташкенттің әзірге жеке емдеу орындарына енгізілді. Алдағы уақытта онымен жұмыс істеуге мемлекеттік мекемелер де қызығушылық танытып отыр. Жалпы бағдарламалық құралды жасап шығаруға қазақстандық ІТ мамандар мен нейрорадиология ісінің шеберлері атсалысқан. Жоба сыртқы нарықта көбірек қолданылған сайын еліміздің технологиялық экспорты ұлғаяды.

Айта кетейік, Өзбекстанда жол қозғалысын реттейтін қазақстандық бейнекамералар да орнатылып жатыр. Наманганда бір парасы іске қосылған. Ал мемлекеттік қызмет көрсету ісінде, «egov.kz» жобасы үлгі ретінде алынған.

Рауан Мыңбаев, «Хабар-24», Өзбекстан.