Ақтөбе облысында қызылшаға қарсы күрес күшейтілді

Ақтөбе облысында қызылша жұқтырды деген күдікпен төрт мыңға жуық адам тіркеуге алынса, оның 84 проценті балалар.

Мамандар иммундау шарасынан қалыс қалмай, екпе алу керектігін ескертеді.

Аймақ балабақшаларындағы қауіпсіздік шарасы басты назарда. Себебі қызылша жұқтырғандардың басым бөлігі бес жасқа дейінгі балалар. Мектепке дейінгі мекемеге келетін әр бала таңертең осында дәрігер тексеруінен өтеді. Егер бойынан ауру білінсе, онда қабылданбайды.

Марал Жандаева, балабақша медбикесі:

- Ауырып жүрген балаларды балабақшаға қабылдамай, дәрігердің қабылдауына жібереміз. Сау балаларды қабылдаймыз. Дене қызуын өлшеп, тері жамылғысын бәрін қарап. Балаларға екпе салынып жатыр. Ата-аналармен де әңгіме сұхбаттар жүргізіліп, бұрын екпеден бас тартқан ата-аналар қазір келісіп, екпе алып жатыр.

Індетке қарсы екпе алмағандар қатарында оқушылар да жетіп артылады. Бірақ әзірге шектеу шараларын енгізуге ешқандай негіз жоқ, дейді мамандар. 

Мұхтар Сербаев, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Мысалы, 416 мектеп бар облыста, соның 110-нда тіркеліп отыр. 26,4 процент пораженность. 431 балабақша бар, соның 129-нда тіркеліп отыр. Коронавирустың кезінде жаппай кетіп, бәрін тоқтатып, соған мәжбүр болғанбыз. Бұл жерде ондай карантиндік іс-шаралар енгізудің қажеті жоқ. 

Облыста жұқпалы ауруға қарсы күрес пен оның алдын алу шаралары күшейе бермек. Қазір төрт мыңға жуық жағдай тіркелсе, оның 1385-і зертханалық жолмен расталған. Мамандар індетті жеңудің жалғыз жолы - вакцина алу деп отыр. Әзірге тегін иммундау шарасынан 4874 адам өткен. 

Бақытжан Түлкібаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы 30 мың вакцина сатып алынып, 90 млн теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Қазіргі таңда бұл вакцина қолданылып жатыр. Өзіміздің облыстық мидициналық ұйымдар арасында. 

Жалпы аймақтағы эпидемиологиялық жағдай күннен күнге күрделеніп, дәрігерлерді алаңдатып отыр. Осы мақсатта медициналық ұйымдарда 300-ге жуық төсек-орын дайындалған. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев