Жапондық профессор Астанада балаларға операция жасады

Жапондық профессор Ацуюки Яматака Астанада шеберлік сағатын өткізді.

Номері екінші балалар ауруханасының дәрігерлерімен бірігіп, сирек кездесетін патологиясы бар бүлдіршіндерге операция жасады. Жапондық хирург қазақстандық әріптестеріне өзінің авторлық әдіс-тәсілдерін көрсетті. Осылайша екі ел мамандары өзара тәжірибе алмасты.

Қалалық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері үшін бұл аптаның маңызы зор. Ақ халаттылар 1 ай бойы еліміздің түкпір-түкпірінен сирек кездесетін патологиясы бар науқастарға іріктеу жүргізді. Балаларға 35 жылдық тәжірибесі бар Жапониядан арнайы келген хирург операция жасай бастады.

Ацуюки Яматака, Хунтендо Университеті медициналық мектеп кафедрасының меңгерушісі:

- Қазақстанда бұрын-соңды болмағанмын, бұл менің алғаш келуім. Кеше балалардың барлығын тексеруден өткіздік. Бүгін мұндағы әріптестермен бірігіп жасаған бірінші операциямыз сәтті аяқталды. Мен өзімнің авторлық әдіс-тәсілдерімді қолдандым. Осылайша бір-бірімізбен тәжірибе алмастық.

Азамат Оразалинов, №2 көп бейінді қалалық балалар ауруханасы жоспарлы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

- Медицина әрқашан бір орында тұрмайды, уақыт өте дами береді. Бұрын жасалмаған оталар емес, сол ауруларды басқа түрмен басқа әдістермен нәтижесін жақсартуға бағытталған жаңалықтар. Дәрістерін тыңдап шықтық, өте керемет нәтижелері бар. Сол себепті өз тәжірибемізді шыңдап жатырмыз.

Жансая Бастай Бейнеу ауылының тұрғыны. 9 айлық ұлының тоқ ішегіне операция жасау үшін Астанаға арнайы келген.

Жансая Бастай, Маңғыстау облысының тұрғыны:

- Басында Ақтауға барған болатынбыз. Сонымен осы жақтағы врачтарға келіп, бізді экстренно қабылдады. Кеше консультация өттік және мен сол Жапониядан келген врачтың келгеніне шынымды айтсам өте қатты қуанып тұрмын, бізге сол врач жасайтынына.

Күрделі операциядан соң балалар ақ халаттылардың жіті бақылауында болады. Жалпы бір аптаның ішінде екі ел дәрігерлері бірігіп, 12 балаға операция жасауды жоспарлаған. Осылайша өзара тәжірибе алмасуды көздеп отыр.

Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсеитов