Медицина қызметкерлерін қорғау мәселесі көтерілді

Медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту мәселесі бүгін Сенат қабырғасында көтерілді.

Амангелді Толамисов ақхалаттылардың мәртебесін қорғаныс және ішкі істер саласы қызметкерлерімен теңестірген жөн дейді. Оның айтуынша, таяудағы жедел жәрдем жүргізушісімен болған оқиға мәселенің күрделі екенін көрсетті. Егер дәрігердің өміріне қауіп төнсе, науқастың да жағдайы мүшкіл болмақ. Сондықтан осындай заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту ұсынылды.

Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Медицина қызметкерлерінің қызметіне кедергі келтірілмеуі үшін олардың мәртебесі қорғаныс және ішкі істер саласы қызметкерлерімен теңестірілуі керек. Жедел жәрдем көліктерін регистраторлармен жабдықтау маңызды және медициналық мекемелердегі ақ халатты абзал жандардың, емделушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар қабылдануы тиіс. Медицина қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін орындау барысында денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар үшін арнайы жаза тағайындау мақсатында заңдық нормалар қабылдауды сұраймыз.