Жетісуда жедел жәрдем жетіспейді

Жедел жәрдем қызметін ұзақ тосамыз. Жетісу облысындағы Қабанбай ауылының тұрғындары осылай, - деп арнамызға хабарласты.

Жергілікті халықтың шағымдануына негіз бар. Себебі кезінде Үйгентас ауданы болып, кейін Алакөл ауданымен біріктірілген әкімшілік аумақта жалғыз медициналық бригада жұмыс істейді. Енді мәселе қалай шешілмек?

80 жастағы Аманғали Досымбеков екі рет жүрек талмасын бастан өткізген. Сондықтан күн сайын немересіне қан қысымын өлшетіп тұрады. Алматыға барып емделмей тұрып, ақсақал бірнеше рет жедел жәрдем қызметін шақыртқан. 

Аманғали Досымбеков, Қабанбай ауылының тұрғыны:

- 39 минутта келген. Екінші шақырғанда 55 минутта келді. Міне, өкпеміз осында. Мен ғой үлкен адаммын. Жастар ауырса, экстренный операция жасау керек болса, жалғыз жедел жәрдем қайда барады?

Жалғыз жедел жәрдем бригадасы едені сықырлаған ескі ғимаратты паналап отыр. Жылыту құрылғысын қосып жылынады әрі су жылытады. Науқастарды таситын көлікті де сонымен залалсыздандырып, шақыртуларға шығады.

Елдар Серіков, фельдшер:

- Мысалы біз алыс жақтарға кетеміз. 60 километр, 70 километр. Үш төрт сағат Қабанбай ауылында болмай қаламыз. Бұл өзі үлкен ауыл. Сол кезде жедел шақыртулар болған кезде үлгермей қаламыз. Бірінші категориямен жүрекпен шақыртулар түсіп қалады. Сол кездерде қиын болады.

Қабанбай маңындағы елді мекендерден шақырту көп түссе, Үшаралдан қосымша жедел жәрдем бригадасы жіберіледі. Бірақ олар келгенше біраз уақыт өтеді. Сондықтан тұрғындар «екінші көлікті тізгіндейтін және алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандарды жұмысқа алу керек», - деп есептейді. 

Сәуле Хаябар, Қабанбай ауылының тұрғыны:

- Жақын тұрам. Жақын жердің өзіне жарты сағатта келеді. Міне сол үшін екі бригада болған дұрыс деп ойлаймын.

Дархан Атанаев, Облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда Алакөл ауданында 60 мыңға жуық халық тұрады. Олардың 50 мыңы Үшарал қаласында. 10 мыңы Қабанбай ауылында. Сондықтан Үшаралда 5 бригада. Ал Қабанбайда бір бригада. Тәулігіне 5-8 шақыру түседі. Сол себеппен қосымша бригада ашуға болжамдамаймыз.

Облыстық жедел жәрдем станциясындағылар биыл бес блокты модульді кешен салуды жоспарлап отыр. Соның біреуін Үшарал қаласында тұрғызбақ. Ал бұрынғы Үйгентас ауданындағыларға қосымша бригада алынғанын тосуға тура келеді.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, «24.KZ», Жетісу облысы