Елімізде скрининг жабдықтарының тозығы жеткен
Елімізде скринингке арналған жабдықтар тапшы.
Ал қолданыстағылары жаңартуды қажет етеді. Сенат отырысында осылай деген депутат Айнұр Арғынбекова Премьер-министрге депутаттық сауалын жолдады. Сенатордың айтуынша, қазір «скрининг» мемлекеттік бағдарламалары екі жылда бір өзгеріп тұрады. Сәйкесінше олардың тиімділігін бағалау мүмкін болмай отыр. Ал бағдарламаға қыруар қаржы бөлініп келеді. Мәселен, елде 2013 жылдан бері «колоректальді обыр» ауруын ерте анықтауға арналған скрининг жүргізіледі. Бүгінде бұл ауру түрі таралуы мен өлім бойынша екінші орынға шыққан. Ал тиісті жабдықтар ескірген. Оны жаңарту тек келесі жылдан бастап жоспарланып отыр.
Айнұр Арғынбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі скрининг бағдарламаларының тиімділігін арттыру және оларды орталықтандыру мүмкіндігін қарастыруы қажет. Қаржы министрлігі скрининг жүргізу үшін жабдықтарды жаңғыртуға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруы керек. Ал жергілікті атқарушы органдар қолда бар денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын тиімді пайдалануды бақылауға алуы тиіс.