ДСМ: Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қатаң жаза қажет
Қостанайда жедел жәрдем дәрігерін соққыға жықты, деп хабарлайды 24KZ. Бірнеше жерден дене жарақатын алған фельдшер ауруханаға жеткізілді. Тергеу басталып, қылмыстық іс қозғалды.
Соңғы жылдары елде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғалары жиілеп кетті. 2019-2023 жылдары аралығында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 158 медицина қызметкері зардап шекті. 2022 жылы 46, былтыр 80, биыл 9 рет шабуыл жасалған. «Осыған байланысты медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында оларға жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты қатаңдату қажет», – дейді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
«Осыған байланысты депутаттардың қолдауымен біз медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында оларға жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуге бастамашылық жасадық. Мұндай қылмыстар еркіндікті шектеуге және бүкіл қоғамның айыптауына дейінгі әділ жаза алуы тиіс», — Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі.