Түркістан облысында 23 адамның бүйрегі ауыстырылды

Елімізде бүйрек, бауыр алмастыру операциялары бұған дейін тек ірі мегаполистерде ғана жасалса, енді облыс орталықтарында да жүзеге асырыла бастады.

Түркістан облысында клиникалық аурухананың трансплантолог дәрігерлері биыл 15 адамның бүйрегін ауыстырды. Олардың арасында мәйіттік трансплантация да бар. Қазір мұндай операциялар жергілікті тұрғындарға тегін жасалып жатыр.

Бәйдібек ауданының тумасы Мейіржан Мәден 6 жылдан бері бүйрек жетіспеушілігімен ауырады. Соңғы төрт айдың көлемінде гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Қанша емделсем де ем қонбады,- дейді 20 жастағы жігіт. Үнемі қан қысымы көтеріліп, басы ауырады. Жүрегі айнып, бойын әлсіздік билейді. Тіпті жұмысқа да жарамай қалдым, дейді.

Мейіржан Мәден, науқас:

- Бірінші топтағы мүгедек болған соң, ештеңеге жарамайсың. Бір қолымда фистула бар, онымен ештеңе істеуге болмайды. Қазір енді донор табылмай жатыр. Әкемді тексеріп көрді, бірақ денсаулығы жарамады. Тағы мамамды, ағаларымызды көреміз. Оған дейін осылай жатып, уақытылы диализімді алып, кішкене қаралу керек болып тұр.

Дәрігерлер елімізде мәйіттік трансплантация дамымағандықтан, науқастарға туыстары бүйрегін беріп жатқанын айтады. Мұндай күрделі операциялар қазір Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жасалуда. Соңғы екі жылдан бері мұнда 23 адамның бүйрегі алмастырылды.

Әлайдар Айтуар, науқас:

- Шетелде ең аз дегенде 20 млн болды. Оған біздің қалтамыз көтермеді. Сөйтіп, өзімнің әпкем берді бір почкасын. Ақша төлеген жоқпыз оған. Өкіметтің қаржысынан бәрі болды. Қазір жағдайым жақсы.

Дәрігерлер бүйрегін ауыстырған науқастарды да, донорларын да операциядан кейін бақылауға алады. Әзірге жағдайы нашарлап, ауыр халге түскендері жоқ дейді. Мұның барлығы еңбек пен озық технологияның арқасы деп біледі. Әрі жергілікті мамандарға Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы қолғабыс еткен.

Жанболат Ділдәбеков облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

- Трансплантация мәселесі он жылдың көлемінде дамып келе жатыр біздің ауруханада. 2015 жылдан бастап біздің дәрігерлер шетел мемлекеттеріне, Беларусь еліне, Оңтүстік Корея еліне барып, тәжірибесін алмасып, біліктіліктерін арттарып келе жатқан жағдайымыз бар.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір елімізде төрт мыңнан астам адам бүйрегін алмастыру үшін кезегін күтіп жүр. Донор іздеп, таппай жүргені қаншама.

Вячеслав Ли, нефрология бөлімінің меңгерушісі:

- Болашақта бізде енді туысқандық трансплантация, мәйіттік трансплантация және қосымша бауыр трансплантациясын жасайын деп жатырмыз. Қосымша специалистерді оқуға жіберіп жатырмыз.

Қазір облыста 616 адам гемодиализ қабылдайды. Соның 400-ге жуығы бүйрек алмастыруды қажет етеді. Мамандар бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп, әсіресе жастар арасында бүйрегі ауыратындар көбейіп бара жатқанын айтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш