Алматылық дәрігерлер жүрекке күрделі операция жасады

Алматыдағы Кардиологиялық орталық дәрігерлері алғаш рет жүрекке жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялау операциясын жасады.

Медицинада мұны-LVAD құрылғысын имплантациялау деп атайды. LVAD - созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға көмектесетін инновациялық медициналық құрылғы. Осындай күрделі операцияның жасалуы  қалалық денсаулық сақтау жүйесі үшін айтулы оқиға.

LVAD - жүректің сол жақ қарыншасының жұмысын қамтамасыз ететін механикалық көмекші құрал. Ол қан айналымын жақсартып, аурудың  асқыну қаупін азайтады. 45 жастағы Марат Мұстафин үш баланың әкесі. Үш жыл бұрын жүрегі ауырып, ауруханаға түскен. Диагноз қойылған сәттен бастап жағдайы күрт нашарлаған. Стационарлық емдеуден өткенімен денсаулығы түзелмеді. Дәрігерлердің кеңесінен кейін LVAD құрылғысын орнатты. Қазір жағдайы жақсы. Жүрегінің соғысы қалыпты. 

Марат Мұстафин, Алматы қаласының тұрғыны:

- Жыл сайын дәрігерлік тексерістен өтіп тұрдым. Ал екі ай бұрын жансақтау бөлімінде жаттым. Содан көп ойланбастан операция жасатқым келді. Екі жеті бұрын операция жасады. Тәуірмін. Дәрігерлерге шексіз алғыс айтамын.

Кардиологиялық орталықта  жүрекке операция жасаудың заманауи әдістері  қолданылады. Енді  науқастар басқа қалаларға бармай-ақ қажетті көмекті ала алады.

Нұржан Мүсірепов, кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Бірінші рет LVAD деген аппарат орнаттық. Ол искусственный левый желудочок дейді ғой. Осы операцияға біраздан бері дайындық жүрді. Астанаға барып бірнеше рет оқып қайттық.

LVAD құрылғысы науқастың ғұмырын айтарлықтай ұзартады. Жалпы келесі жылы орталық дәрігерлері осындай оншақты операция жасауды жоспарлап отыр.

А.Садуақас, Р.Жақып