Өскемендегі гематологиялық орталықтың құрылысына қосымша қаржы бөлінді
Өскемендегі гематологиялық орталықтың құрылысын аяқтауға қосымша қаржы бөлінді.
Тоқтап қалған құрылыс енді қайтарылған қаржы активтері есебінен жүргізілмек. Жобаның жалпы құны 71 млрд теңге. Қазір нысан құрылысының 80 проценті бітіп тұр. Өңірге сапармен келген Мәжіліс депутаттары Лұқбек Тумашинов пен Ерлан Саиров жұмыстың барысын қадағалайтын болды. Мердігермен кездескен депутаттар қаржылай қиындық болмайтынын айтты. Қолданысқа берілген соң гематологиялық орталықта 290 медицина қызметкері жұмыс істейтін болады. 30 дәрігер Германия, Израиль және Ресейдің профильді клиникаларында дайындық курсынан өтіп келді. Депутаттар кадр тапшылығы мәселесіне де назар аударды. Бұл проблеманы жергілікті әкімдік денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе шешетін болды.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл объект «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының аясында іс жүзіне асып жатыр. Биыл Үкіметтен осы объектіні аяқтау үшін тағы қосымша сома түсті, яғни жылдың аяғында бұл объект халықты қабылдай бастайтын болады. Енді бүгінгі таңда аймақтардың барлығында осы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы орындалып жатыр.