Синоптиктер күннің неге суытпай тұрғанын түсіндірді

Биылғы күз – бұрынғыдан өзгерек. Eліміздің басым бөлігінде ауа температурасы нөлден жоғары. Күн райының бұлай құбылуына не себеп? Синоптиктер не дейді?

Түркістан облысының тұрғындары қараша айында саңырауқұлақ теріп жүр. Алматыда бәйшешек гүлдеп, Шымкентте алма мен алхоры ағаштары бүршік атты. Осыған қарағанда алдағы қыс жылы болады, дейді мамандар.

Бибіжамал Мәлік, қалалық дендрологиялық саябақтың ғылыми қызметкері:

- Ағаштар ауа райы қатты жылынып кетсе, бүршік атып, гүлдей бастайды. Бұл ағаштар үшін өте жақсы дей алмаймыз. Себебі ағаш бұталары гүлдеп кетсе, кейін күн суытып, қар жауған кезде үсік шалып, гүлдерінің бәрі үсіп қалады.

Солтүстік Қазақстанда жеміс-жидек гүлдемесе де, көктемгі жылу бар. Синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы желтоқсан айында сынап бағанасы ең суық дегенде -24 градусқа дейін ғана төмендеуі мүмкін.

Андрей Солодовник, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры:

– Себебі парниктік және мұхит газдары көп бөлінеді. Арктикалық циклон әлі жетіп үлгермеді. Ол келгенге дейін біздің аймақта Атлантика, Каспий және Жерорта теңізінің ықпалы жүреді. Адам түгілі жергілікті өсімдіктер мен жануарлар да үйренісе алмай жатыр.

Еліміздің солтүстік бөлігінде қар желтоқсан айының ортасында жаууы ықтимал. Сарышұнақ аяз да сол кезде болады.

Афродита Пірімжар, "Қазгидромет" РМК І санатты инженері:

– Көпжылдық бақылаулар бойынша қар ең кеш жауған 1967 жылы 15 желтоқсанда және 2008 жылы 14 желтоқсанда тіркелді. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, елордада қар ерте жауғаны 10 қазан, орташасы 10 қараша және кеш жауғаны 15 желтоқсанда тіркелген.

2024 жылдың қаңтар айында еліміздің солтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында жауын-шашын шамадан тыс артық жауады. Сарапшылар жаһандық жылыну салдары Қазақстанға да жетті дегенді айтады. Климаттың күрт өзгергені анық байқалады. Елордалықтар не дейді?

БЛИЦ:

- Қазір барлық нәрсе айтылып жатыр ғой, ғалам өзгеріп, климат ауысып жатыр. Антарктидадағы мұздар еріп жатыр. Бұл да бір ғаламшардағы өзгеріс кезеңдерінің бірі деп ойлаймын. Жаңа жылды қармен қарсы алу қызық, бірақ қарсыз болса да қабылдау керек.

- Жалпы бұрын-соңды болған жоқ. Қар желтоқсан айының ортасына дейін түспеген кездер болды, бірақ адамның көңіліне әсер ететін мынадай ауа райы болған жоқ. Мынау нек көктем емес, күз емес, түсініксіз жағдай болып тұр.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы желтоқсан айында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы жылдағы нормадан +1+2 градусқа жоғары болады. Атап айтсақ, Маңғыстау, Ақтөбе облысының оңтүстігі, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Алматы өңірлері бар.

Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов, «Хабар-24», Астана.