Желтоқсандағы жаңбыр жұртты әбігерге салды. LIVE

Қысы қатты келетін Солтүстік Қазақстан облысында бір аптадан бері ауа райы мың құбылып, тұрғындарды әбден әбігерге салды.

Өңірде қазір сынап бағаны +1 градусты көрсетіп тұр. Түні бойы жаңбыр жауып, Петропавл қаласының көшелерін су басты.

Иә, құбылмалы ауа райы коммуналдық қызметті аяғынан тік тұрғызды.

Аптаның басынан бері өңірде тұрақсыз күн райы сақталуда. Яғни жаңбыр жауып, көктайғақ болды. Салдарынан сейсенбі күні сабақ онлайн форматқа ауыстырылды. Кейін арты боранға ұласты.

Барлық 13 аудандағы 200-ге жуық ауылда жарық сөнген болатын. Қатты желдің салдарынан сымдар үзіліп, станциялар күйді. Энергетиктер 3-4 күнде жағдайды реттеп, бүгін әйтеуір жарық берілді.

Ал шаhарда жаңбырмен еріген қар суы көшелерге жайылды. Қазір су сору жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жайында толығырақ әкімдік өкілдері айтып берді.

Ал сөз соңында айта кетейін, көктайғақтың салдарынан республикалық жолдардағы қозғалыс шектелді. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен полиция қызметкерлері де мұндайда алыс жолға шықпау керектігін ескертеді. Себебі алдағы күндері өңірде тағы да дауылды ескерту жарияланды.