Министр: Қошқарбаев, Қосшы, Тайтөбе ауылдарын су басу қаупі төніп тұр
Ресейде қар көбесі сөгілді. Қазір көрші елдің 20-дан астам өңірін су басты. Әсіресе, іргелес аймақтардағы тасқынның қарқыны қатты.
Бұл, әрине, Ресеймен шекаралас облыстарға қауіп төндірері сөзсіз. Біздің Жайықтың жайы қалай болмақ? Теріскейде тасқынның алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүріп жатыр?
Жайық арнасынан асуы мүмкін. Өйткені Ресейде күн күрт жылып, іргелес аймақтарды су басып жатыр. Мамандар бұл судың Каспийге бет алатынын болжап отыр.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Росгидрометтің мәліметі бойынша, Ресей аумағында қардың қарқынды еруіне байланысты Жайық өзенінің бассейнінде мұздың бұзылуы және су деңгейінің көтерілуі басталатынын айтып өткен жөн. Осыған байланысты сәуір айының екінші жартысында Орал өзенінің бассейнінде жыл сайынғы су тасқыны болады деп болжанып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Ресей жағынан Жайық өзеніне су жіберілгенін растады. Алайда, ол су келгенше біздегі тасқынның қарқыны басылуға тиіс.
Данияр Сағадиев, ҚР СРИМ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:
- Ресей тарапта біздің Ирек су қоймамыз бар. Оларда да басталды су тасқыны. Енді, сол Ирек су қоймасынан кешеден бері бізге қарай жіберілетін су деңгейі секундына 390 текше-метрге көтерілді. Болжам бойынша 60 болуы керек. Ал Иректен бізге жеткенше 20 күн өтеді. Ал біздің Жайыққа құятын кішкентай өзендер – Деркөл, Шаған, Ирек, олар қазір тасып жатыр. Егер, қазір су бәрі кетсе, сонда ешқандай қауіп болмайды.
Яғни, министрлік өкілінің айтуынша, әзірге, Жайықта ол суды қабылдап алатын мүмкіндік бар. Бірақ, күн күрт жылып, жауын-шашын көбейсе, жағдай қиындауы мүмкін.
Данияр Сағадиев, ҚР СРИМ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:
- Бүгінгі күнге Орал қаласындағы су деңгейі 588 сантиметр. Ең қауіптісі 853 сантиметр. 250-300 сантиметр бізде әлі бар. Сакмара деген өзен бар Ресей Федереациясында, ол да Жайыққа құяды. Егер Сакмарадағы су тасқыны басталса, сол қиын болады.
Қазір шекара маңындағы су қоймалары қалыпты жұмыс істеп тұр дейді маман. Жалпы, ел көлемінде республикалық меншікте 94 су қоймасы бар. Бұл қоймаларға 2 текше шақырым су сыяды. Алайда, жақын күндері бұл су нысандарының жұмысы сынға түспек. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша 10 сәуірге дейін елдің басым бөлігінде жаңбыр жауады. Ал оңтүстік пен шығыстағы таулы аудандарда жауын-шашын мөлшері нормадан асады.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Самарқанд және Шерубай-Нұра су қоймаларынан тасталған және төмен жағынан қосылатын ағындарын есептегенде Нұра өзені арқылы Преображен су торабына шамамен 4 сәуірде 2500 куб/секундына су ағыны күтілуде. Өз кезегінде Қошқарбаев, Қосшы, Тайтөбе елді мекендерін су басу қаупі төніп тұр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды қамтамасыз етуі керек.
Су қоймаларының толу деңгейі:
Солтүстіктегі 11 су қоймасы – 84%
Батыстағы 7 су қоймасы – 68%
Шығыстағы 3 су қоймасы – 65%
Орталықтағы 4 су қоймасы – 90%
Оңтүстіктегі 17 су қоймасы – 87%.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша ел аумағының 27 пайызында қар жатыр. Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейі көтеріліп келеді. Ал шығыстағы таулар әлі қар астында.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ.