Өскемендіктер Үлбі үптеп кете ме деп алаңдаулы
Тасқын қаупі сейілер емес. Өскемендіктер Үлбінің жағасын бекітіп әлек. Сай -саладан ағып келіп жатқан суға енді жауын қосылды.
Өзен жағасына тас аралас инертті материал төгіліп жатыр. Тасқыннан қорғану үшін осы күндері құтқарушылар да, ел де кірпік ілмей жүр.
Қаланы бойлай аққан Үлбінің 18 шақырым жағалауы күндіз-түні бақылауда. Себебі тауда әлі 50 пайыз қар жатыр. Жылғалаған су арнаны айтарлықтай жайып жіберген. Жағаға 30 мың текше метр тас аралас инертті материал төгілген. Бұл аумақтағы тасқынның ықтимал қаупі алдын ала зерттеліп, күз айларында дайындық басталып кеткен. Жүздеген шақырым арықтар мен жылғалар тазартылған. Соның арқасында қазір жағдай тұрақты.
Қаныш Мұқажанов, Өскемен қаласы әкімдігінің бас маманы:
- Бүгінгі күні ең қауіп төндіріп тұрған – Үлбі өзені. Енді ол өзен Ридер жақтан басталады 100 шақырым ұзындығы. Оның 18 шақырымы осы Өскемен арқылы өтеді. Соның ең қауіпті жерлерін тау тастарымен бекітіп, бақылуда ұстап отырмыз.
Қазіргі уақытта су деңгейі 1 метр 80 сантиметрге дейін көтерілген. Дегенмен мамандар әзірге қауіп жоқ деп отыр. Себебі арна ернеуіне дейін әлі екі метрдей бар.
Дастан Ахметов, Өскемен қаласы ТЖБ бастығының м.а.:
- Үлбі өзені көтерілген жағдайда тұрғын үйлерге қауіп бар. Қазір 300-ден астам үйге қауіп төніп тұр. Қиыршық тас төгу арқылы жағаны күшейту жұмыстары жасалды. Ұзындығы 200 метр, тереңдігі 5-6 метге едйінгі осындай жұмыстар атқарылды.
Өскеменде ахуал тұрақты болғанымен, облысқа қарасты 5 ауданның 192 елді мекеніне тасқыннан қауіп бар. Өңірде селдетіп жуған жауын жағдайды қиындатып тұр. Құтқарушылар тұрғылықты аумақтардан 8 мың текше метр қарғын суды жылғаға ағызған.
Руслан Нұрланұлы, Дмитрий Пыхтин, «24 KZ», Өскемен