«Таза Қазақстан» аясында Есік көлінің жағалауы тазартылды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Алматы облысының інжу-маржанына баланған Есік көлінің жағалауын тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Мөлдір бұлақ» апталығына жақын маңдағы ауыл тұрғындары мен волонтерлар және жергілікті қоғам белсенділері қатысты. Алматы облысында 300-ден астам гидротехникалық нысан бар. Есік көлінің суын 100 мыңнан астам халық тұратын аудан орталығы мен Есік қаласына іргелес жатқан 7 елді мекен тұтынады. Сонымен қатар 5,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер суғарылады. Есік көлін сенімгерлік басқаруға беру туралы келісімшарттың күші бұзылғанын да айта кетейік. Алдағы уақытта мұнда жаңа инвестор келеді. Өңір бойынша бүгін 50-ден астам экологиялық іс-шара өтті. Жастар Ұзын-Қарғалы, Талғар, Қарқара, Шарын, Қаскелең сияқты өзендер мен Үлкен Алматы арнасының жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарына қызу атсалысып жатыр.
Есендос Асубай Түрген ауылының тұрғыны:
- Енді мына «Мөлдір бұлақ» Президентіміздің жолдауы бойынша акциясын естігеннен кейін біз де қатысайық деп шештік. Өйткені туыс-туған, ел-жұрт, ағайын-туыс бәрі келген жағдайда осы «Есік көліне барып қайтайықшы» деп өтініш жасап жатады. Сондықтан осы біздің ауданымызда орналасқан Есік көлі таза, әдемі болып жарқырап тұрғаны біз үшін өте маңызды ғой. Сондықтан да осы акцияға қатыстым.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- «Мөлдір бұлақ» акциясын осы көлден бастағанды жөн деп көрдік. Өйткені бұл өте маңызы зор көл. Ол бір жағынан ауыз су, екінші жағынан біздің осы суармалы жерлерді қамтамасыз ететін көл. Үшінші жағынан біраз каскадты ГЭС-тарымыз бар. Жеке кәсіпкерлерде болған, былтыр сот арқылы мұны мемлекет меншігіне қайтардық. Енді көлдің жағдайын көріп тұрсыздар, біраз жерін құм басып кеткен. Оны тазалау жұмыстарын біз бастаймыз, соны жоспарлап отырмыз.