Су тасқыны. Атырау алаңдап отыр
Атырауда тасқын суға қарсы сақтық шаралары жалғасуда.
Жайық өзенінің арнасы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауылы маңайында төмендегенімен көршілес Атырау облысының аудандарында қауіп бар.
Кеше Махамбет аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі штабтың шешімімен Лесхоз ауылының тұрғындарын эвакуациялау жоспарланған болатын. Олар қайда орналасты?
Жағдайды осы өңірдегі тілшіміз Арыстанбек Кенжеден сұрап білейік.
Кеше 9 мамыр күні түстен кейін Махамбет ауылына жақын орналасқан Лесхоз ауылын аудан орталығына көшіру туралы шешім қабылданған-ды. Онда 30-ға тарта тұрынығы бар 7 отбасы тұрады. Олар қазір мектеп үйіне уақытша орналастырылды.
Жалпы, кешелі бері Жайық өзенінің деңгейі Махамбет ауданында 9 метргеге жетіп қауіпті межеден 18 см-ге асып тұр. Сол үшінде сақтық шаралары жасалуда. Одан бөлек, осы ауданға қарасты Талдыкөл ауылында бөгеттер нығайтылып жатыр.
Жалпы сақтық шаралары бәсеңдеген жоқ. Су шығып кету қаупі бар 17 учаскеге күзет күшейтілген. 24 гидробекттен әр 4 сағат сайын мәлімет алынып отыр. Оқыс жағдай туындай қалса, техникалар мен 50 адам дайын. Дегенмен, Қазгидрометтің мәліметіне сүйенсек, жалпы өзен суының ағыс саябырсып келеді. Кеше Тайпақ ауылы маңайындағы гидробекетте көтерілу деңгейі 0 см шамасында болды.
Арыстанбек Кенже, 24.KZ, Атырау облысы