Елде орташа жылдық температура 4 градусқа жоғарылай түседі

Сарапшылар алдағы 100 жылға осындай болжам жасап отыр. Бүгін – Халықаралық климат күні. Жаһандық жылынуға бейімделудің амалы қандай? 

1976-2023 жылдар аралығында әлемдегі ауа райы орта есеппен 0,19 градусқа жылыған. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,36 градус шамасында. Яғни, құрлықтың қақ ортасында тұрғандықтан жылыну процесі екі есе тез жүріп жатыр. Бұл – Қазгидромет мамандары келтірген мәлімет. Мұны қазақстандықтар да, шетелдіктер де сезіп жатқанын айтады.

Сауалнама:

- Ата-анам Вьетнамда ауа райы бұрын анағұрлым жайлы болғанын айтады. Мәселен, бұрынғы кезде жазда 30 градустан асса, қазіргі кезде 40 градус деңгейінде тұрып алатын болды. Климат өзгеріп жатыр.

- Соңғы 5 жылда ауа райы Екібаста суытты.

- Климаттың өзгергені қатты байқалады деп ойламаймын. Астанадағы урбанистиканы ескерсек, әрине, желдің екпіні өзгеріп, бірнеше градусқа жылығаны рас. Ғимараттарды алып тастасақ, бұрынғыдай болатын сияқты.

- Былтырлары жазда бір жетідей ыстық болды ғой. Сол 40 градусқа дейін барды ма, білмеймін. Есімде жоқ. Ал былай үйдегілермен кондиционер аламыз ба деп ойладық. Астанаға тән нәрсе емес қой.

Рас, 2023 жылы әлем бойынша ең жоғары температура орнады. Бұл – соңғы 100 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Климат саясаты жөніндегі БҰҰ даму бағдарламасының сарапшысы былтыр жазда ыстық ауа райы бір емес, бірнеше мәрте қайталанғанын айтады. Әлбетте, бұған дейін де ми қайнатар аптап болған. Бірақ мұншалықты ұзаққа созылған емес.

Сәулет Сәкенов, БҰҰ даму бағдарламасының климат саясаты жөніндегі сарапшы:

- Сондай-ақ қыста күн жылығаны соншалық жаңбыр жауған күндер болды. Одан кейін қайта қыс түсіп, күн суытып, жер қыртысы қатты. Ізінше қар түсті, үстінен жинала берді. Көктемдегі алапат тасқынға осы себеп болды. Әдетте қар еріген кезде судың біразы жерге сіңіп кетеді. Бұл жолы олай болмады. Жер бетіндегі қар тез еріп кетті, ал жер қыртысы жібіп үлгермеді. Судың ағыл-тегіл төгіліп, жан-жаққа жайылғаны осыдан. Иә, бұған дейін де тасқын болды ғой, бірақ дәл осы жолғыдай емес еді.

Рас, биылғы қарғын су салдарынан бірқатар өңірдегі инфрақұрылымға зақым келді. Жалпы климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығына ықпалын тигізетіні даусыз. Әсіресе мұндайда өсімдік шаруашылығын дамытудың тың тәсілдері керек, – дейді сарапшылар.

Марина Цыганкова, Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының бөлім меңгерушісі:

- Не ексе де, шаруалардың міндетті түрде өңірдегі ауа райына бейімделетін сұрыптарды қолданғаны абзал. Яғни, қуаңшылық, аптап ыстық пен маусымдық ылғалға төтеп бере алатын бейімделгіш сұрыптарды отырғызғаны жөн.

Сәулет Сәкенов, БҰҰ даму бағдарламасының климат саясаты жөніндегі сарапшысы:

- Алдымен өңірлер өздеріндегі осал тұстарын талдап, алдағы уақытта қандай мәселенің туындайтынын бағамдауы қажет. Мәселен, су қорының тапшылығы болуы мүмкін бе, топырақ құрамы өзгеріп, құнары жоғалу қаупі бар ма? Мұндай жағдайларда ауыл шаруашылығын қалай бейімдеу керек? Бұны анықтау үшін ғалымдармен бірлесе терең талдау жүргізу қажет. Сөйтіп, климаттың өзгеруіне бейімдеу механизмдерін біртіндеп енгізген абзал.

Иә, климаттың өзгеруі тыныс-тірішілігіміздің барлық саласына ықпалын тигізіп отыр. Сол себептен ұлттық бейімдеу жоспары енгізілді. Жоспар әр бағытта атқарылуы тиіс іс-қимылды қамтиды. Бірақ оның қолға алынғанына көп бола қойған жоқ. Сол себепті қазіргі ахуалды бағамдауға әлі ерте.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Еске сала кетейік, климат жөніндегі халықаралық Париж келісіміне сәйкес Қазақстан бірқатар міндеттемені мойнына алған. Атап айтқанда, 2030 жылға дейін парниктік газ өндірісін 15%-ке қысқартып, 2060 жылға дейін көміртегі бөлінісі жөнінен бейтарап мемлекетке айналуды көздейді. Басқа да мемлекеттердің осы сияқты міндеттемелері бүгінде қалай жүзеге асырылып жатыр?  Міне, осыны бақылау мақсатында БҰҰ аралық нәтижелерді әр екі жыл сайын жариялайтын арнайы баяндамада көрсетпек.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров, Наурызбай Құрманғазы.