Ақтөбеде республикалық маңызы бар жолдар тазартылып жатыр
Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында республикалық маңызға ие жолдар да тазартылып жатыр.
Күн сайын сервистік компаниялардың 400-ге жуық жұмысшысы еңбек етеді. Олар 7 бағыттағы жол бойында күл-қоқысты жинап қана қоймай, автотұрақ және демалыс орындарының аумағын да тазалайды. Қызметкерлер тал-теректерді күзеп, жол белгілерін жуып, бояйды. Істен шыққан шамдарды да ауыстырып жүр. Облыс Еуропа мен Орталық Азия елдерін байланыстырады. Сондықтан күре жолдың тазалығын сақтау - басты міндеттің бірі. Бүгінде өңір бойынша республикалық маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығы 1870 шақырым. Күніне мыңдаған жеңіл және жүк көлік жүреді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы жол бойынан 5 мың тонна қоқыс жиналған.
Арсен Төретаев, сервистік компанияның шебері:
- Қазіргі уақытта осы жол жиегіндегі жарық шамдарын қондырып жатырмыз істен шыққандарын. Күніне біз 100-150-200 штуктай ауыстырамыз. Түңгі ауқытта жаңағыдай жол жүргізушілеріне көріну үшін осындай жарық шамдарын қондырамыз осы жол жиектеріне. Және өздеріңіз көріп тұрғандай жол жамылғысын да шұңқырлар болып жатса, оларды да ауыстыру жұмыстарын жүргіземіз енді.