Жетісу облысында ғұмырын тұмса табиғатты қорғауға арнаған орманшылар отбасы тұрады
Жетісу облысында саналы ғұмырын тұмса табиғатты қорғауға арнаған орманшылар отбасы тұрады.
Әкелі-балалы Филатовтар «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді.
Ұлттық парктің инспекторы Анатолий Филатов бұл аймақтың ішке бүккен барлық сыры мен ой-қырын жақсы біледі. Себебі өзіне тиесілі аумақты үздіксіз шола отырып, орманды алқаптың отқа оранбауын, аң-құстың ауланбауын қадағалайды. Сонымен қатар жабайы жануарларға қысқы азығын шашып, өзіне жүктелген міндеттерін орындайды.
Анатолий Филатов, «Жоңғар Алатауы» МҰТП инспекторы:
- Бала күнімде әкем осы жерге жиі ертіп келіп, табиғат сұлулығын көрсетіп, оны сақтау керектігін түсіндіретін. Өрттің алдын-алу жұмыстарын да көрсетті. Енді міне менде балаларымды әкеліп, әкемнен үйренгенімді оларға үйретемін.
Тау бөктерінде орналасқан Көктерек кардонына жету оңай емес. Жол талғамайтын көліктің өзі омбы қарға батып, орта жолда қалатын кездері аз емес. Соған қарамастан инспекторлардың жұмысы тұрақты түрде қадағаланып отырады. Мәселен, бұл жолы Анатолиге тексеріспен өзінің ағасы келді.
Николай Филатов, «Жоңғар Алатауы» МҰТП орманшысы:
- Біз үйде ғана бауырмыз, ал жұмыста әріптеспіз. Себебі талап бәріне ортақ. Әркімнің өз жұмысы, міндеті бар. Оның уақытылы атқарылуын апта сайын тексереміз. Інім де өзге қызметкерлер сияқты маған есеп береді.
Ағайындылардың әкесі Сергей Филатов та Көктерек кардонына жиі келеді. Себебі ондағы қылқанжапырақты ағаштардың біразын өзі екен.
Сергей Филатов, Тополевка ауылының тұрғыны:
- Бұл жерге туристер көп келеді. Таудың биік шыңына көз салып, өзім еккен ағаштардың түбінде отырып тынығады. Сонықтан бұл жерді өз үйіңдей тап-таза ұста, мемлекет сеніп тапсырған аумақты қорғау ісіне үлкен жауапкершілікпен қара, деп балама үнемі айтып отырамын.
Филатовтар отбасы «Жетісу Алатауының тұмса табиғатын, жануарлар әлемін сақтап, атадан-балаға мирас етіп қалдыру - өмірлік мақсатымыз» деп біледі. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған орманшылар сол жолда аянбай еңбек етіп келеді.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев