Туроператорлар: Әр аптада бес мыңға жуық қазақстандық шетелге демалуға кетеді

Түркияға әуе рейстері қысқарғанымен, бұл елге туристік жолдамаларды сату тоқтамайды.

Бұл туралы Қазақстанның туроператорлар қауымдастығының президенті мәлімдеді. Инна Рейдің айтуынша, жолдамаларды сатып, турларды ұйымдастыру жалғасып жатыр.

Ал сәуір мен мамыр айларына Түркияға жолдама алып қойған қазақстандықтардың жайы не болмақ?

Қауымдастықтың хабарлауынша, Түркиямен әуе байланысы қысқарады деген жаңалыққа дейін жолдама алғандардың ұшу күндері ғана өзгеруі мүмкін. Ең бастысы, сатып алынған билеттердің құны өзгермейді.!

Еліміздің туроператорлар қауымдастығы жолдамаларды алдын ала сатып алған қазақстандық туристер алдындағы барлық міндеттемелер орындалатынын хабарлады. Бірақ әзірге тек ұшу күндері өзгереді. Яғни, сәуір айына жолдама сатып алғандар мамыр айында демалысқа ұшып кетуі мүмкін. Бәрі Түркиядағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Еске салайық, ведомствоаралық комиссия шешімімен 26 сәуірден бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерінің саны екі есе қысқарды. Жалпы туроператорлардың хабарлауынша, әр аптада бес мыңға жуық қазақстандық шетелге демалуға кетеді. Отандастарымыз арасында Мысыр мен Мальдив аралдарына сұраныс жоғары. Бұл бағыттар бойынша жақын күндерге арналған жолдамалардың барлығы дерлік сатылып кеткен. «Тіпті мамыр айындағы мереке күндеріне дейін орындар қалмаған», - дейді туроператорлар. Қазақстандық туристердің жартысынан көбі Египетке демалуға кетеді. Сонымен қатар біздің азаматтар БАӘ мен Мальдив аралдарына да жиі саяхаттайды екен.

***

Оңтүстік Қазақстан облысы өңірлеріндегі азаматтардың табысы аз

Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде тұратын азаматтардың табысы 100 мың теңгеге жетпейді. Бұл республикадағы орташа көрсеткіштен де төмен. Өткен жылдың төртінші тоқсанында қазақстандықтардың орташа табысы 125 мың теңге болды, деп жазады Ranking.kz порталы. Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында атаулы айлық 100 мың теңге болса, Түркістан облысының тұрғындары бұдан да аз пайда көрген. Мұнда орташа айлық 65 мың теңге. Ал еліміз бойынша ең көп жалақыны атыраулықтар алады екен – 230 теңге шамасында.

***

Қазақстандықтар мобильді интернет үшін 255 теңге төлейді. Бұл бір гигабайттың құны. Британдық Cable порталының сарапшылары жүргізген зерттеулерге сенсек, іргедегі елдердің ішінде ең арзан трафик Қырғызстанда. Онда бір гигабайттың орташа құны 64 теңге. Ресейліктер орта есеппен 160 теңге төлейді. Беларусь елінде мобильді желі қызметі 185 теңге. Ал көрші мемлекеттердің арасында интернетке ең көп ақша төлейтіндер – Түркіменстан халқы. Олар бір гигабайт трафик үшін 9220 теңге төлеуге мәжбүр.

1 гб мобильді интернет құны

Қырғызстан ₸  64            Ресей ₸ 160

Беларусь ₸ 185               Қазақстан ₸ 255

Өзбекстан ₸ 260             Армения ₸ 330

Әзербайжан 783 ₸         Тәжікстан ₸ 1120

Түрікменстан ₸ 9220.

***

Қазақстандықтар мобильді желі үшін ₸235 млрд жұмсаған

Жалпы отандастарымыз интернет желісі мен мобильді байланысты жиі пайдалана бастаған. Статистика комитетінің мәліметінше, байланыс қызметі үшін осы жылдың үш айында тұтынушылар 235 миллиард теңге төлеген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ке көп. Атап айтсақ, интернетке 92 млрд теңгеге жуық төленсе, ұялы байланыс үшін шамамен 59 млрд теңге қаржы жұмсалған.

Ал мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 175 елдің ішінде 105 орында. Рэнкинг порталының мәліметінше, бір жылда еліміздегі мобильді желі жұмысының қарқыны 6%-ке артып, секундына 20 мегабит болды. Рейтингте біздің мемлекетіміз Әзербайжан, Украина, Ресей, Қырғызстан және Моңғолиядан озып шықты. Ал әлемдегі ең жылдам мобильді интернет Біріккен Араб Әмірліктерінде екен. Оңтүстік Корея мен Катар да көш бастап тұр.

***

Әлемдегі ең жылдам мобильді интернет

  1. БАӘ 183, 03 Мбит/с
  2. Оңтүстік Корея 171, 26 Мбит/с
  3. Катар 170, 65 Мбит/с
  4. Қытай 149, 68 Мбит/с
  5. Сауд Арабиясы 115, 84 Мбит/с

Қазақстан 105-ші орында – 20,15 Мбит/с.

***

Нарықтағы баға

Ал қазір «Нарықтағы баға» айдары. Бүгін Рамазан айында сұранысқа ие тауар – құрманың бағасын шолып өтеміз. Қостанайда 400 грамм құрманың құны 500 теңге. Ақтауда одан 60 теңгеге қымбат. Ал Қарағандыда бұл өнімнің бағасы 580 теңге төңірегінде. Алматыда құрманың 400 грамы 650 теңге тұрады. Ақтөбе дүкендерінде жеміс 670 теңгеден сатылса, бас қалада 700 теңгеден саудаланып жатыр.

400 грамм құрма

Қостанай – 500 тг

Ақтау – 560 тг

Қарағанды – 580 тг

Алматы – 650 тг

Ақтөбе – 670 тг

Нұр-Сұлтан – 700 тг.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 429 теңге 76 тиын, еуро 518 теңге 16 тиын, рубль 5 теңге 64 тиын.