Қазақ-өзбек тауар айналымы $10 млрд жетеді
Кейінгі 7 жылда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 2,5 есе өсті, деп хабарлайды 24kz.
Тақауда бұл көрсеткіш 10 млрд долларға дейін арттады. Бұл жөнінде Астанада өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумында айтылды. Қос елдің инвестиция салған жобалары жемісін беріп жатыр. Тараптарды тағы не байланыстырады?
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда байланысы бекем. Алдағы уақытта тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу көзделеді. Қаңтар-мамыр аралығында бұл көрсеткіш 1,5 млрд долларды құрады. Әлеует бар. Себебі көрші мемлекет аталған бағыттағы жетінші ірі серіктесіміз. Айтпақшы екі елдің шекаралық аумағында халықаралық орталық салынбақ. Ол жерде сауда ғана емес, ортақ өндірістік кәсіпорындарды да дамыту көзделеді.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
- Қазақстанның территориясында 1400-ге жуық Өзбекстанмен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал Өзбекстанның территориясында Қазақстанның инвестициясының қатысуымен 1100-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Осы секілді мәселелер бар. Кеден жолдарын электронды жүйеге көшіру, сол арқылы тауар айналымды тездету. «Мақтарал-Дарбаза» жолын іске қосу арқылы, Сырдария станциясын салу арқылы осы бағытта белгілі бір шаралар қабылданып жатыр.
Былтыр ғана қос ел арасындағы жүк тасымалы 30 млн тоннадан асқан. Биылғы меже де айтарлықтай. Оған екі ел басшыларының келісімі арқылы қол жеткізілген жедел жеткізу қызметі себеп. Енді Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы тасымал уақыты едәуір қысқарады.
Дамир Қожахметов, «KTZ Express» АҚ бас директоры:
- Ең алдымен, Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктері арасында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып жатыр. Жүк тасымалдау көрсеткіші тұрақты өсіп келеді. Мәселен былтырғы өсім 2019 жылмен салыстырғанда 32%-ке жетті.
Иә, бауырлас елдердің ортақ міндеттері де жоқ емес. Сарапшылар су-энергетикалық одақ құруды алға тартып отыр. Бұл өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Қазірдің өзінде екі елдің түрлі саладағы ынтымақтастығы мен достығы күллі Орта Азиядағы тұрақтылыққа себеп болады деген пікір бар.
Саида Мирзиеева, Өзбекстан Президентінің көмекшісі:
- Біз жалғыз жүріп шеше алмайтын көптеген мәселе бар. Өздеріңіз білесіздер, құрғап бара жатқан теңізіміз ортақ. Ауамыз бір, Сырдариямыз да ортақ. Сол себепті өңірлік қауіпсіздікті нығайту маңызды. Ал Қазақстан мен Өзбекстанның достық қарым-қатынасы-бүкіл әлемге аян. Президенттеріміз ең өзекті сұрақтарға жауап таба алды. Шавкат Мирзиеев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси тандемі түрлі қақтығыстар болып жатқан шақта Орталық Азияны ең қауіпсіз, гүлденген және тату аймаққа айналдыруды көздейді.
Еліміздің оңтүстік өңірлері Өзбекстанның электр қуатын тұтынады. Тұрмыстық техника мен жеміс-жидегін де пайдаланып отырмыз. Ал Қазақстан көрші елге ауыл шаруашылығы өнімдерін және мыс пен мырыш жеткізеді. Елде қарқынды дамып жатқан IT қызметтерімізге де сұраныс көп.
Дамир Белгібаев, сарапшы:
- Қазақстан ОА ғана емес, бүкіл әлемде IT саласы бойынша өзіндік ізін қалдырып келе жатқан, оған әлеуеті зор үлкен мемлекет ретінде танытып келе жатыр. Ел Президентінің өзі Жолдауында, т.б. жиындарда осы IT мәселесін, технология мәселесін алдыңғы орынға қоюды тапсырып отыр. Оған біздің әлеует те жеткілікті.
Ғылым, мәдениет, трансшекаралық туризмді дамыту қажет. Қос ел көздеп отырған тағы бір міндет осы.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ғалымжан Абдылахат, Мерей Талап