Жеңілдетілген салық режимінде жағымды жаңалық күтіліп отыр

Жеңілдетілген салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық.

Енді аталған режим талабына сай, кәсіпкерлердің бір жылдық табысының шегі 600 мың айлық есептік көрсеткішке дейін артуы мүмкін. Қазір бұл сома 48 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 187 миллион теңгеге тең. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин арнамыздың тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді. Отандық салық жүйесінде кәсіпкерлер үшін тағы қандай тиімді өзгерістер бар?

Назым Қайрат, тілші:

- Елімізде 2 миллион 300 мың салық төлеуші бар. Одан түсетін салық мөлшері бюджеттің шамамен 19 пайызын құрайды. Ал көршілес елдерде, Еуропа мемлекеттерінде бұл көрсеткіш 25 пен 57 пайызға дейінгі аралықта. Қазақстанның салық жүктемесі бұған қарағанда әлдеқайда төмен. Бұл ел азаматтарына кәсіппен айналысуға қолайлы жағдай туғызып, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік береді. Бірақ, бір әттеген-айы - қазына қаржысына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Көлеңкелі экономикамен күрес күшейеді

Азамат Әмрин, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі:

«Бюджетті толтырудың екі негізгі жолы бар. Ол – салық мөлшерін арттыру және көлеңкелі экономикамен күрес. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, көлеңкелі экономика үлесі 17,5 пайызды құрады. Енді оның алдын алу үшін әкімшілік жұмыстарды цифрландыру жұмыстары күшейтіледі».

Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты:

«Республикаға негізгі 3 үлкен салық жиналады. Бұл қосымша құн салығы, корпоративтік табыс салығы және жеке табыс салығы, яғни жеке адамдардың айлығынан. Бірақ, 2012 жылы жергілікті билікті дамыту тұжырымдамасын қабылдағанбыз. «Соның өзінде бізде тек қана 3 өңір: Атырау, Алматы, Астана өзінің жергілікті салықтарын қамтамасыз етіп отыр. Қалған 17 өңірге біз республикалық бюджеттен дотация беріп жатырмыз».

Себебі өңірлерде салық мөлшері де, оны төлейтін азаматтар саны да аз. Қазына қаржысын арттыру үшін Үкімет басшысының қосымша құн салығын көтеруді ұсынғаны мәлім. Бұл ел азаматтарына ауырлық туғызбай ма?

С.Жобаев: Бюджеттің 35-40% қосымша құн салығынан түседі

Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты:

«Бюджетіміздің 35-40 пайызы қосымша құн салығынан түседі.Шығыс Еуропа елдерінде жағдай бізге ұқсаған ғой. Венгрия, Румыния, Болгария олар бай мемлекеттер емес. Халқы біз қатар десек те болады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14-15 мың доллардай. Бізде де сол, Түркияда да сол. Бірақ, олар қосымша құн салығын 25 пайыздан төлеп жатыр. Ешқандай қиналып жатқан жоқ».

Сондықтан үкімет қосымша құн салығын дифференциалды түрде 16 пайызға көтермек. Дегенмен ауыл шаруашылық өнімдері салықтың бұл түрінен толықтай босатылады. Тиісінше, қосымша құн салығы өссе де, азық-түлік бағасын қымбаттатуға негіз жоқ дейді вице-министр. Кей салаларда салық 10 пайыздық межеде болады. Сала тізімі әлі нақтылану үстінде.

Бөлшек сауда салығын төлейтін кәсіпкерлерге ҚҚС-тың қатысы жоқ

Азамат Әмрин, Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі:

«Ал бөлшек сауда салығы 4 пайызды құрайды, бірақ қазір мәслихатта мұны төмендету құқы болғандықтан, барлық облыста дерлік бұл көрсеткіш 50 пайызға азайған. Яғни, бұл салық көрсеткіші қазір 2 пайызға тең. Тек Алматы қаласында 4 пайыз, Астана қаласында 3 пайызды құрайды».

Бөлшек сауда салығына шаштараз, үй жанындағы дүкендер және тұтынушыларға тікелей тауар сатып, қызмет көрсететін өзге де кәсіптер кіреді. Олардың қосымша құн салығына қатысы жоқ. Сондықтан, бұл жерде де тауар мен қызмет құны өзгеріссіз қалуы тиіс. Қолданыстағы салық кодексінің тағы бір тиімді тұсы – кәсіпорынның ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарына берілетін салықтық шегерімдері. Яғни кәсіп иесі ғылыми әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізер болса, оған салынған инвестицияның 300%-ына дейін салықтық шегерім көзделеді. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімді ынталандыру тетігі дейді Фархад Қуанғанов.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын кәсіпке енгізуде салықтық шегерім көзделген

Фархад Қуанғанов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұлттық орталығының директоры:

«Мысалы, мен кәсіпкермін және 1 миллион теңгелік салық салынатын табысым бар делік. Егер салық төлеуге дейін 100 мың теңгені ғылыми зерттеулерге жұмсасам, 300% салықтық шегерім жасалады, яғни 300 мың теңге салық салынатын табыстан алынып тасталады. Осылайша, менің табысым 700 мың теңге болып қалады. Ал оған 20% мөлшеріндегі корпоративтік табыс салығын есептегенде, 140 мың теңге салық төлеймін. Бұрын мен 1 миллион теңгеден 200 мың теңге салық төлейтін болсам, бұл жағдайда 140 мың теңге ғана төлеймін».

Әзірге бұл тетікті қолданысқа енгізген кәсіпкер қатары қат. Десе де, қосымша құн салығы 16 пайызға дейін артса, инновациялық жобаларды кәсібіне қарқынды түрде енгізетін бизнес иелерінің саны келешекте көбеймесе, кемімейтіні анық.

Назым Қайрат, Мұрат Әріпханов